Түркістан қаласында реставраторларды оқыту керек. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бұл ұсынысы Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің екінші отырысында айтылды. Жиынға ұйымға мүше елдердің Мәдениет министрлері мен өкілдері қатысты. Олар түркі халықтарының төл тарихын ұлықтап, жәдігерлерді жаңғырту жұмыстарын талқылады. Әрі іс-шара аясында «Диуани луғат әт-түрк» сөздігінің 950 жылдығына арналған көрме ашылды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
-Ежелгі ескерткіштер мен артефактілердің жағдайына уақыт, климаттың өзгеруі және өкінішке қарай, антропогендік фактор әсер етуде. Сондықтан мұндай нысандарды консервациялау және реставрациялау саласында білікті мамандарға қажеттілік өсуде.