Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз! Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.
Жаңару мен жасару күні Сіздерге бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілей отырып, назарларыңызға мерекелік бағдарламаны ұсынамыз.
21 наурыз, 08:00 Концерт. «Наурыз келді – құт келді»
Көктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамы қарсаңында сіздерді «Наурыз келді – құт келді» атты ерекше концертке шақырамыз! Бұл кеш жаңару мен берекенің, бірлік пен татулықтың символына айналған ұлы мерекені бірге қарсы алуға арналған.
21 наурыз, 12:00 «Наурыз - 2026» телемарафоны
Күллі Қазақстанды қамтитын «Наурыз» телемарафонында ұлы дала қазынасын ұлықтаймыз, ұлттық салт-дәстүрлерімізден шашу шашамыз. Наурыз мейрамын 2 сағат бойы тікелей эфирде елмен бірге тойлаймыз.
Ұлы даланың ұлы мейрамын «Хабар» арнасымен бірге қарсы алыңыздар!
21 наурыз, 14:00 «Жекпе-жек. Айтыс» бағдарламасы
Жекпе-жек форматындағы бұл жоба қазақтың ең мықты, тапқыр, суырып-салма айтыскерлерінің басын қосып, ішінен үздігін анықтауға бағытталған.
Негізгі мақсаты – қазақтың өткені мен бүгінін ұштастыра отырып, түрлі тақырыптар мен мәселелерді қозғау, айтыс өнерінің мәртебесін көтеру.
21 наурыз, 17:45 «Достық 13» телехикаясы
Бұл болашақ ұстаздарды дайындайтын университеттегі студенттердің өмірін баяндайтын комедия мен драмаға толы телесериал. Әр кейіпкер оқу орнына әр түрлі себеппен келеді, ал лекциялар, жатақхана өмірі мен ортақ сәттер оларды жақындастырып, қызықты әрі күрделі оқиғаларға жетелейді.
Шынайы сезімдер мен өзекті мәселелер арқылы сериал жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға шақырып, «ел болашағы білімді ұрпаққа байланысты» деген ойды жеткізеді.
21 наурыз, 21:35 «Наурыз» ұлттық сыйлығы 2026
«Наурыз–2026» ұлттық сыйлығының иегерлері анықталды. Бұл марапат ұлттық құндылықтарды дәріптеп, дәстүрімізді жаңғыртып жүрген үздіктерге көрсетілген ерекше құрмет.Салтанатты марапаттау рәсімін сенбі күні, сағат 21:35-те «Хабар» арнасынан тамашалаңыздар!
22 наурыз, 08:00 «Таңғажайып Наурыз» концерті
Көрермендер үшін қызықты тосынсыйлар ұсынылып, концерт әсерлі шоумен қорытындыланады. «Таңғажайып Наурыз» – қуаныш пен бірлік сезімін сыйлайтын есте қаларлық мереке.
22 наурыз, 21:35 «Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін мерекелік концерт»
22 наурыз Наурыз мерекесіне арналған мерекелік концерт Мемлекет басшысының қатысуымен өтеді. Бұл шара ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге, халық бірлігін нығайтуға және мәдени құндылықтарды насихаттауға арналған.
23 наурыз, 09:00 «Дәстүр» бағдарламасы
«Дәстүр» – ежелгі ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлеріміздің қазіргі заманға бейімделген, өзекті көрінісін ұсынатын ток-шоу.
Біз дәстүрдің озық жағын да,тозығын да талқылаймыз, яғни әр дәстүрді заманның талаптарына сай бейімдеп, оның әлі де өз орнын табуы үшін жасалып жатқан өзгерістерді көрсетеміз.
23 наурыз, 23:00 «Әлия-дастан» концерті
«Әлия дастан» – Халық қаһарманы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған, өнер мен руханиятты тоғыстырған мазмұнды музыкалық кеш. Концертте елге танымал өнерпаздар қатысып, ұлттық рух, тағзым мен тағылым кеңінен көрініс тапты. Бұл шара – батыр рухына құрмет көрсетіп, жастарға өнеге болған ерекше мәдени оқиға.
24 наурыз, 07:00 «Наурыз айы туғанда» концерті
«Наурыз айы туғанда» концерті – көктемнің келуі мен жаңару мерекесін дәріптейтін, ұлттық салт-дәстүр мен әсем ән-күйге толы мәдени кеш. Концертте қазақ халқының бай мұрасы, шаттық пен береке, бірлік пен ырыс кеңінен насихатталып, көрерменге ерекше мерекелік көңіл күй сыйлайды.
24 наурыз, 14:45 «Біздің ән» концерті
«Біздің ән» – Мирас пен Құралайдың жүрекке жылы, сезім мен сырға толы әсерлі концерті. Бұл кеште өнерлі отбасының үйлесімі, шынайы махаббат пен музыкалық үндестік көрініс тауып, көрерменге ерекше көңіл күй мен рухани ләззат сыйлайды.
24 наурыз, 20:00 Кино. «Qaitadan»
Қала баласының тағдыры, уақытпен күрес, қайталанатын бір күн және жақындап келе жатқан апат, бәрі бір фильмде тоғысқан. Әр күн – жаңа мүмкіндік, әр шешім – үлкен өзгеріс.
Ауыл өмірі, адамгершілік құндылықтар және өз-өзіңді табу жолы терең әрі тартымды сюжетпен өрілген. Соңына дейін баурап алатын бұл туынды сізді бейжай қалдырмайды!
24 наурыз, 23:00 «Асыл арман» кеші
Кеш барысында даңқты сазгердің жүрек тербетер әндері, романстары мен хор туындылары шырқалып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Өнер майталмандарының орындауындағы мәңгілік әндер кештің көркін аша түсті.
Қазақ музыкасының алтын қорына енген туындыларды тыңдап, рухани ләззат алғыңыз келсе, бұл кешті міндетті түрде көріңіз!