Ұлттық домбыра күні – қазақ мәдениетінің нышаны

  • 39
  • 03.07.2026, 19:55

Шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні! Осыған орай елдің әр өңірінде төл мәдениетіміз бен домбыраны дәріптеуге арналған түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Өнер майталмандары ұлттық аспаптың күй өнерінен өзге, тарихымызды тірілтуге зор сеп болғанын айтады.

Танымал күйші Еділ Басығараев 10 жасынан бастап қолына домбыра алған. Киелі аспапты ойнауды алдымен әкесінен үйреніп, кейін музыкалық оқу орындарында білімін жетілдіреді. Өзінің айтуынша, ішкі жан дүниесі қалаған адам домбыраны тез меңгереді. «Бірақ сахнада өнер көрсететіндей деңгейге жету үшін терең білім қажет», - дейді Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы. Ол Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір секілді өзге де әйгілі компазиторлардың шығармаларын бүгінге дейін жеткізген домбыраға арналған күннің барына қуанады. «Бұл мәдениетіміздің жаңғыруына сеп болады», - дейді.

Еділ Басығараев, күйші, Р.Бағланова атындағы мемлекеттік академиялық «Қазақконцерт» ұйымы «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының солисі:

- Қазақтың әрбір үйінде домбыра тұрса екен дейміз. Бала-шағасы домбыраға жақын болып, күй үйреніп, күй тартып жатса, құба-құп. Өйткені ұлттық код дегеніміз – біздің болмысымыздың бір бөлшегі. Соның ішінде күйдің орны ерекше. Біз, әрине, бәрі күйші болсын демейміз. Дегенмен, ұлттық өнеріміз ұмытылмаса екен деген арманымыз бар.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші Қайрат Айтбаев та мерекенің мән-маңызы жалпы дәстүрлі музыка үшін ерекше екенін айтады. Себебі өткен дәуірде салт-дәстүр, мәдениетке қатысты болған өзгерістер домбыраны да айналып өтпегенін біледі. «Тіпті қос ішекті шерту де басқаша болды», - дейді. Сондықтан ұлттық аспаптың өзіндік ережесі туралы «Қарақағыс» атты кітап жазған.

Қайрат Айтбаев, күйші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Кеңестік кезеңде домбырашылар мен педагогтер қалыптасты. Кейін тәуелсіздік алғаннан соң Консерваторияда Дүйсен Қасейінов сияқты ректорлар болды. Сол кісілер дәстүрлі өнерімізді сақтап қалу үшін үлкен еңбек сіңірді. Соның нәтижесінде дәстүрлі өнеріміздің бағытын төл арнасына қайта бұруға ықпал етті деуге болады. Кейінгі жылдары Домбыра күні де кеңінен аталып өтіп жүр. Әрине, бұл – өте жақсы бастама. Бірақ бір мәселе бар: Домбыра күнін тек плакаттық мерекеге айналдырып жіберуге болмайды деп ойлаймын.

Ұлттық домбыра күні елімізде 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісінде аталып келеді. Бүгінде мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалардың да домбыра шертіп үйренуіне мүмкіндік бар. Яғни ұлттық аспапта ойнауды үйрететін үйірмелер алты жастан балалар қабылдай бастаған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болотбек Табалдиев