21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні
Халықтың қошеметінен күш алатын әртістер қауымының торға түскен құстай болғаны рас. Бірақ «карантин» деп, қарап жатпады. Кезінде аға буын өнерпаздардың от пен оқтың ортасында өнер көрсеткенін білеміз. Сондықтан қазіргі буынның да елмен етене жақын болуына карантин кедергі бола алмады. Олар төтенше жағдай кезінде экранның ар жағында отырып-ақ, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұл залға көрерменнің бас сұқпағанына көп болды. Театрдың есігі карантин басталғалы тарс жабық. Есесіне өнер ордасының әлеуметтік желі парақшасындағы көрермендері күн санап артып келеді. Қазір қуыршақ театрының артистері кезекті тұсаукесерге дайындық үстінде. Бұл қойылымның бұрынғылардан өзгешелігі онлайн өтпек.
Әсия Құрманалина, қуыршақ театрының директоры:
- Карантин режимі енгізілген сәттен біз көрермендермен жүздесудің түрлі форматын саралап шықтық. Онлайн спектальдер мен ертегі оқу, музыкалық бейнебаяндар мен балаларға арналған танымдық-ақпараттық бейнероликтер жарияладық. Солардың ішінде спектакльдер мен ертегілер көрермендердің көңілінен шықты. Бұл тәжірибе біз үшін де жаңа жетістік деп есептеймін.
Карантин өнерді де онлайн насихаттауға болатынын көрсетіп берді. Ол басталғалы республика бойынша онлайн режимде шамамен 30 мыңға жуық іс-шара өткізіліпті. Оны 40 млн-нан астам көрермен тамашалаған.
Жеңіс Сейдуллаұлы, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының директоры:
- Кезінде майдан даласында Роза Бағланова апамыз, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековтер халық арасынан шығып, егін майданы болсын, көліктердің үстінде тұрып сырнай, домбырасы бар, халықтың көңілін серпілтіп тастаған кездері болды. Біз оны әрі қарай жалғастыруға дайынбыз, жалғастырдық та.
Әншінің меңзеп отырғаны жұлдыздарының қатысуымен өткен «Карантиндегі жұлдыз» жобасы. Live форматындағы жоба YouTube арнасынан тікелей эфирде таратылды. Жанды дауыста өткен 50-ге жуық концертті 20 млн халық тамашалады. Бұл халықтың бос уақытын көңілді өткізуге үлес қосты. Өнер адамдарының халықпен бірге екенін көрсетті.
Ал бұл – танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызының орындауындағы грек композиторы Вангелистің «Бүкіләлемдік дұға» деп аталатын танымал туындысы. Төтенше жағдай кезінде «Хабар» арнасы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, әлемдік шығармаға клип түсірді. Ақ халаттылардың жанкешті еңбегіне тағзым ретінде түсірілген шығармада әлем дәрігерлерінің індетпен күрестегі шынайы кадрлары қолданылған.
Әл-Фараби, Абай мұраларын насихаттауға арналған халықаралық конференциялар мен форумдарға да карантин кедергі бола алмады. Ұлттық кітапхана ұжымы бес ел ғалымдарының басын қосып, жиын өткізді. Кітапсүйер қауымның да бар жағдайын жасап берді.
Нұржан Жолдыбалинов, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана бас директорының орынбасары:
- Карантин болмай тұрғанда бізге айына 3-4 мың оқырман кіретін. Карантин басталғалы электронды кітапханамызға төрт есе көп кіреді. Тек біздің елден емес, басқа елден де кіреді. Бүгінгі статистка бойынша қарасақ, 100-ден астам елден кірген.
Жалпы мәдениет және өнер саласында 60 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Биылғы жылдың басты жаңалығы Президент тапсырмасымен мәдениет және өнер қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50, өңірлерде 35% дейін өсті. Билік тарапынан мәдениетке, театр мен киноға қолдау күшейіп келеді. Өйткені елдің мәдениеті қандай болса, халқы сондай болмақ.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов