Елімізде кинотеатрлар жұмысы қайта жанданады
Сондықтан мамандар Қазақстанның киноиндустриясы қисапсыз шығынға батқанын айтып жатыр.
Жығылғанға жұдырық. Салада сыбайлас жемқорлыққа қатысты шу шықты. Мамырдың соңында Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысына «аса ірі мөлшерде пара алды» деген айып тағылып, қазір тергеу жүріп жатыр. Ал жуырда мемлекеттің қолдауымен түсірілетін ұлттық фильмдердің тізімі анықталды.
93 күн. 2,5 млрд теңге. «Томирис» – «Көшпенділерден» кейін «Қазақфильм» түсірген ең қымбат кинокартина. Ақан Сатаевтың бұл жұмысын сынағандар да болды. Енді бірі оны Қазақстанның киноқоржынындағы ең сәтті туындылардың бірі деп бағалайды. Фильм енді Америкада прокатқа шықпақ. «Томирис» бір айда 480 млн теңге жинады. Бұл – жұмсалған шығынның бесінші бөлігі ғана қайтарылды деген сөз. Жалпы «Қазақфильм» 2010-2018 жылдар аралығында 85 фильм түсірген. Бірақ үмітті ақтағаны некен-саяқ. «Табысы аз болса да, бұл фильмдердің миссиясы басқа», – дейді министрліктегілер.
Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры:
- Біз фильмдерге табысы, өзін-өзі ақтауына байланысты талап қоймаймыз. Өйткені біздің бағытымыз – идеология.
Ұлттық киноны прокаттаушылар 20% корпоративтік табыс салығынан босатылады. Біз бұл сұрақты бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына да қойдық. Саланы 5 жылдан артық басқарған ол 100% мемлекеттің қаржысына кино түсіруге түбейгейлі қарсы. «Қазақ киносының қадірін қашырған да осы тегін ақша», – дейді ол.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі /2014-2019/:
- Инвестиция тартылмайды, киноны тек мемлекеттен бөлген қаржыға 100% түсіреді. Қаржыны шектеп беру керек. Режиссер де, продюсер де ізденсін. Қаржы салған адам фильмнің сапалы түсуін қадағалайды.
Жыл сайын кинотеатрларда 300-ден аса фильм көрсетілсе, соның 20-дан астамы – отандық фильм. Қазақстандық туындының аз табыс жинауының бір гәбі прайм-таймға қойылмағандығынан. Арыстанбек Мұхамедиұлы былтыр қабылданған кино туралы тұңғыш заң бұл проблеманы шешеді деген пікірде. Себебі заңда отандық киноны оларды прокаттағандар 20% корпоративті табыс салығының босатылады.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі /2014-2019/:
- Бұл заң күшіне енді еніп жатыр. Оның қаншалықты пайдалы екенін көбісі әлі білмей жатыр. Әрине, уақыт өте келе ұлттық киноны прокатқа қойса, одан пайда көбірек түсетінін барлығы біледі.
Заңмен бірге Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Орталықтың негізгі міндеті – ұлттық фильмдерді қаржыландыру, көрсету, прокаттау, киноиндустрияға инвестиция тарту. Бірақ құрылғанына бір жылдан енді ғана асқан орталықтан дау шықты. 28 мамыр күні Сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-қимыл агенттігі аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін орталықтың басшысына қатысты тергеудің басталғанын хабарлады. Бірақ орталықтың жетекшілері жемқорлардың өз арасынан шыққанына әлі сенбей отырған секілді.
Айдархан Әділбаев, Ұлттық киноны қолдау орталығы төрағасының орынбасары:
- Аталған хабардан төбемізге жай түскендей болды. Орталықта сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелді деген ақпарат шықты. Бірақ не аты-жөні, не сомасы, не жобалардың атауы жарияланбаған. Сондықтан аталған жайтқа қатысты әлі түсініктеме бере алмаймыз. Тергеу әлі аяқталған жоқ. Менің ойымша, бұл ниеті жаман жандардың лас ойыны секілді.
Осыдан тура бір жыл бұрын орталықтың басқарма басшысы болып елге есімі етене танымал кинопродюсер Гүлнәр Сәрсенова тағайындалған. Ал 24 мамырда ол басқаратын орталықтың сайтында Гүлнәр Сәрсенованың ашық хаты жарияланды:
«Бірінші питчингтен кейін менің «Нартай» фильмім мемлекет тарапынан қолдау тауып, қаржыландырылғаннан кейін әрекеттегі продюсер ретінде жобама бөлінген 380 млн теңге көлеміндегі қаражатты Ұлттық киноорталық бюджетіне қайтаруды шештім. Бұдан басқа Киноорталықтың екінші питчингінде сараптамалық кеңеспен мақұлданған қысқаметражды және дебюттік жобаларды қолдау үшін меншікті қаражатымнан 40 млн теңге бөлдім».
Қазақ киносының қарашаңырағы «Қазақфильм» де қаржылық даудан арылмай қойды. Өткен жылдың аяғында Есеп комитеті мемлекеттік аудит жүргізіп, «Қазақфильм» соңғы 10 жылда 19 млрд теңгенің 185 картинасын прокатқа шығармағанын анықтады.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі /2014-2019/:
- «Қазақфильм», былайша айтқанда, үлкен монстр. Өзі түсіреді, өзі ақшасын алады, ақшаны бөледі. Әр бағыт өзімен айналысуы керек. Қазақстанда бір ғана киностудия бар. Бәсеке жоқ. Бізге «Астанафильм» керек.
Қазақфильмге өкпесі жоқ режиссердің бірі – Рүстем Әбдірашев. Ол түсірген барлық фильм ұлттық сипатқа ие. Оның айтуынша, кез келген киноны түсіру оңай емес, ал ұлттық киноның салмағы өз алдына ауыр.
Рүстем Әбдірашев, режиссер:
- Менің киноларымның бәрін 100% ұлттық кино деп есептеуге болады. Ішінде өзімнің көңілімнен шыққандары: тұңғыш фильм «Қаладан келген қыз», «Сталинге сыйлық», «Балалық шағымның аспаны».
Жалпы біздің қоржынымызда ұлттық фильм ұғымына келетін 500-ге жуық фильм бар. Жыл сайын бюджеттен қосымша 8 млрд-қа дейін қаржы бөлінеді. Бірақ отандық режиссерлер мұны азсынып отыр.
Рүстем Әбдірашев, режиссер:
- 8 млрд – азғантай қаражат. Қаншама режиссер, халқымыз бар. Әлі қамтылмай жатқан қаншама қызық-қызық тақырып бар.
Ұлттық киноны қолдау орталығының тағы бір миссиясы – киноны іріктеу. Ол – бюджеттен бөлінген қаржыны үлестіретін ұйым. Оған әуелі сараптамалық кеңеске келіп түскен фильмдерді таңдайды, іріктелген фильмдерді министрлікке жібереді. Биыл сондай 226 фильм келіп түскен.
Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры:
- Соның ішіндегі 58 жұмысқа сараптамалық кеңес оң қорытынды беріп, министрілікке жіберді. 25 мамырда отырыс өтті. Ведомствоаралық комиссияның іріктеуі өтті. Нәтижесінде сол 58 жұмыстың 42-сі фильм ретінде таңдалды.
Сол 42 фильмнің 13-і «Қазақфильмнің», қалған 29-ы жеке кинокомпаниялардың қатысуымен түсіріледі. «Қазақфильмге» 1 млрд, ал қалған жеке студияларға 5 млрд теңге бөлінеді. Яғни 2020-2021 жылдары 42 кинокартинаны түсіруге 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Мамандар Қазақстанның киноиндустриясының қарқынына оң баға беріп отыр. Мысалы, 2015 жылы небәрі 20 фильм түсірілсе, 2019 жылы 45 картина жарыққа шыққан. Жаңа есімдер де еміс-еміс естіле бастады.
Айсұлтан Сейітов, режиссер:
- «Қазақфильмде» бар ресурстармен Қазақстанды кино саласында белгілі бір деңгейге шығаруға болады. Әрине, халықаралық деңгейге емес. Бірақ бір-екі жылда жақсы, сапалы фильм түсіріп, көрсетуге болады. Ол фильмнің той немесе тарих туралы болуы шарт емес.
Айсұлтан Сейітовтің сөзінше, қазақ киносының әлем киногерлерін мойындататын мүмкіндігі бар. Бәлкім, бізге жетпей жүргені де осы жас әрі жаңа көзқарас шығар? Бәлкім, біздің де «Оскар» алар күніміз алыста емес. Айтпақшы, биыл «Оскар» жүлдесін алған оңтүстіккореялық «Паразит» фильмі Нұр-Сұлтанда өткен Еуразиялық кинофестивальде жүлдесіз қайтқан болатын. Тағы сол, бәлкім, қазақ киносының қадіріне біз өзіміз жете алмай жүрген шығармыз.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Анель Абдимова, Қанат Әбілдин, Серік Қоңырбаев