Ұлыбританияда Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі жинағы жарық көрді
Пандемияға байланысты кітаптың таныстырылымы онлайн форматта өтті. Жоба Абайдың 175 жылдығына орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Ұлы ақынның мұрасы қазақшадан ағылшыншаға тікелей, түпнұсқаға барынша жақын аударылған. Ұлттық аударма бюросы тәржіма жасауға Ұлыбританияның тәжірибелі мамандарын тартқан. Айта кетері, бұл – коммерциялық жоба емес. Пайда табуды көздемейді. Әзірге шектеулі тиражбен шығарылатын кітаптар жергілікті университеттер мен кітапханаларға таратылады. Оны онлайн да оқу мүмкін болмақ.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Ағылшын тілі – миллиардтан астам адамның ортақ тілі. Абайдың толық шығармалар жинағының ағылшын тіліне аударылуы – ақын шығармалары миллиард оқырманға ұсынылды деген сөз.
Шон Брайен, аудармашы, ақын:
- Абай өлеңдеріне ағылшын тілінде жан бітіру мен үшін үлкен сын болды. Аударманың сәтті шығуы үшін кәсіби күш-жігерімді аямадым. Әуезділігін, мәнін толық жеткізе білу, сөйлем құрылымын сақтау, драматизмді ұстану, бәрі-бәрі мен үшін өте маңызды болды.