Junior Eurovision 2020 байқауына дауыс беру бүгін басталады
Жас өнерпаз гранд финалда әкеге арналған әнін шырқамақ. Байқаудың ақтық кезеңі қарашаның 29-ы күні сағат 22.00-де «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Ендеше дүбірлі додада қалай дауыс беруге болады?
«Хабар» Агенттігі Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағына мүше болғалы жас әншілердің бағы жанды десе де болады. Алғаш рет ел намысын Junior Eurovision байқауында Данэлия Тулешова қорғаған болса, кейін Ержан Максим жаһан жұртын таң қалдырды. Биылғы байқауда Қарақат Башанова бақ сынамақ. Ол үшін, әрине, қазақстандықтардың қолдауы аса қажет.
Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:
– Гранд финалға дейін екі күн қалды. Қарақат қызымыздың жеңісі бізге байланысты. Былтыр Ержан Максим әділ қазылардың дауыс беруінде 1-орын алған. Ал біз қазақстандықтар оны екінші орынға түсіріп алдық. Дауыс жетпей қалды. Сондықтан өкінішті. Осындай талантты балаларымызды бірігіп қолдауымыз қажет.
Балалар евровидениесі пандемияға байланысты онлайн форматта өтпек. Жас әншілер виртуалды сахна төрінде өз әндерін шырқайды. Кейін Варшавадағы әділ қазылар алқасы өз бағасын береді. Ал жанкүйерлер өздеріне ұнаған қатысушыға бүгін сағат түнгі 01:00-ден бастап дауыс бере алады. Ол гранд финалға дейін жалғасады. Барлық қатысушылар өз өнерлерін көрсетіп болғаннан кейін дауыс беру үшін жанкүйерлерге тағы 15 минут уақыт беріледі.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары:
– Дауыс беру қалай жүреді? Мәселен, бүгін түнге сағат 01.00-ден бастап Junior Evrovision.tv сайтына кіріп, бірінші қатысушылардың бейнебаяндарын көре аласыздар. Сосын Қарақат Башановаға және басқа да ұнаған екі үміткерге, қатысушыларға дауыстарыңызды берсеңіздер болады. Ол жерде дауыс беру тетігі өте оңай. Ең бастысы, сабырлық сақтап, 1-2 минут бөлсеңіздер болды. Қарақатты қолдап, елімізді қолдап өз дауыстарыңызды бере аласыздар деген ойдамыз. Бірлігімізді, елдігімізді көрсететін сәт келді деп білеміз.
Ірі сайыста ел намысын қорғайтын Қарақат Башанованың әні әкеге арналған. Жас өнерпаз 7 жасында әкесінен айырылған екен. Бұндай тағдырлы әнді осындай халықаралық байқауда шырқау – бала арманы. «Сондықтан ел сеніп, үміт артып отырған кезде бойда қобалжу бар», – дейді жас әнші.
Қарақат Башанова, Junior Eurovision 2020 байқауының қатысушысы:
– Қобалжу әрине бар. Ұлттық іріктеуде де қатты қобалжыған болатынмын. Қазірдің өзінде гранд финал жақындаған сайын қобалжуым арта түсуде. Бірақ Қазақстанды жоғары деңгейде көрсетуге қолымдағыны жасаймын.
Жалпы Junior Eurovision 2020 ән байқауының гранд финалы қарашаның 29-ы күні өтеді. Жексенбі күні «Хабар» арнасы сағат 22.00-де Варшавадан тікелей көрсетілім жасайды. Қазақстандық жас әншіге бірге қолдау көрсетейік.
Авторы: Риат Шони