Ғалымдар әл-Фараби мен Абай мұрасын саралады
Олар тұлғалардың рухани мұраларын зерттеудің маңыздылығын алға тартып, орамды ойларын ортаға салды. Шара ұлы ұстаз әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ойшыл ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған.
Тарихи шаһар Таразда өткен ғылыми-практикалық конференцияға еліміздің ірі ЖОО-лардың ректорлары, жазушылар, фараби мен абайтанушы ғалымдар қатысты. Олар ұлы ойшылдардың идеялары тарих тағылымын тереңірек тани түсуге, өткеннің қателіктерін болашақта қайталамауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Ғалымдардың пайымынша ұлыларды ұлықтау рухани дамып, бағыт-бағдар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры:
- Ұлыларды ұлықтай отырып біз өзіміздің рухани дамуымызға бір жақсы бағдар алатын мүмкіндік деп санаймыз. Әл-Фараби да, Абай да «гуманистік тұрғыдан әлемді қалай өзгертсек, әр адамның жақсы қасиеттерін дамытсақ, соның арқасында кемел адам, қайырымды қоғам қалыптастырсақ» деп үлкен еңбектері мен ғылыми тұжырымдамалар, мұралар қалдырып кетті.
Сонымен қатар конференция барысында аймақ басшысы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры университет пен облыс әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар түрлі сала бойынша білікті кадрлар даярлау, экономикалық даму, өндіріс мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті.
Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:
- Университет ғалымдарының кейбір жасап жатқан жұмысы біздің өңірге керек. Әсіресе мынау экологияға, қазіргі індетке байланысты. Осы екі университетпен әрі қарай қарым-қатынасымыз жалғасу керек.
Шараға қатысушылар ұлы ағартушылардың шығармалары арқылы қазақ мәдениетінің жетістіктерін насихаттауға болатындығына назар аудартты. Айтуларынша әл-Фараби мен Абайдың көптеген шығармасы әлі күнге дейін күрделі күйінде қалып отыр. Оларды кеңінен зерттеуді жалғастыру қажет. Ғалымдар ұлылардың тәлімін түйсінген халқымыз бірлігін, келісім мен ынтымақтастығын жоғалтпайтындығына сенім білдірді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә