Петропавл қаласының әкімдігі «Ұлттық киім апталығы» челленджін бастады
Арнайы бастамаға Петропавл қаласының әкімдігі мұрындық болған. Енді Өңірде әз-Наурыз мерекесіне орай арнайы челлендж жалғаспақ. Өйткені бастамашылар эстафетаны ары қарай жолдаған.
Ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы. Петропавлдық Әсем Айтолла осындай пікірде. Сондықтан игі бастаманы бірден қолдаған. Тіпті қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген бірнеше киімді арнайы тіктіріпті. Қазір ресми, бейресми жиындарда ұлттық киімде төбе көрсетіп жүр.
Әсем Айтолла, ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Үстімдегі бешпент қазіргі заманға сай тігілген, классикалық көйлекпен кигенде де өте әдемі. Жұмысқа киюге болады. Ал мынау он жылдан астам уақыт тәтемнің қамзолы болған. Сән үйіне арнайы барып, өзіме орайластырып, әдемі-сәнді қылып тігіп алдым. Алдағы үш күн бойы киімімді ауыстырып, қазақтың ұлттық киімдері қандай әдемі екенін көрсеткім келеді.
Мемлекеттік қызметкерлер қазақы болмысты айқындайтын ұлттық нақыштағы киімдерді Ұлыстың ұлы мерекесінде ғана емес, күнделікті жұмыс күнінде де киіп жүруге дайын екендерін айтуда. Тіпті бір апталық акцияға өзге ұлт өкілдері де үн қосты.
Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:
- Ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Өздері қызығып, атсалысып жатыр. Қолдау танытқандар көп болған соң, челленджді аудандық әкімдіктерге жолдадық. Қазір жұмыс орнымызда мерекелік көңіл күй сезіледі.
Бүрмелі көйлек, оюлы қамзол бұрымдыларға керемет жарасуда. Осылайша, олар Солтүстік Қазақстан қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір екенін тағы бір паш етті.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Ең бастысы, ұлттық киімде тәрбие бар. Қыздарымызға көрік, ер азаматтарға айбат, жігер беретін бұл киім де бүгінде үлкен сұранысқа ие болып бара жатыр. Алайда Петропавлда оны дайындайтын дизайнерлер жоқтың қасы.
Зарина Мавляни, дизайнер:
- Шикізат қымбат. Сондықтан мұндай киім тігетіндер бізде өте аз. Көбіне той-думандарға алады. Қазір Наурыз мерекесіне орай мемлекеттік қызметшілерден, мектеп директорларынан көптеп тапсырыс түсіп жатыр. Енді ер азаматтарға арналған костюм тігуді жоспарлап отырмыз.
Мемлекеттік қызметкерлер бастаған «Ұлттық киім апталығы» челленджін шаһардағы басқа да ұйымдар қолдап жатыр.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев