Қазақстандық продюсерлердің «Аве Мария» картинасы үлкен экранға жол тартты
Қазақстан, АҚШ, Беларусь елдері бірлесіп түсірген фильм Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі француз әйелдерінің ауыр тағдырын баяндайды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың соңы. Неміс офицерлерімен көңіл қосқан әйелдерден кек алуды көздеген француз азаматтары олардың шаштарын қырып, бетіне крест салады. Ауыр тағдырлы әйелдердің қатарында Мария да бар. Оның неміс офицерімен тек жеке қатынасы ғана емес, алтын сақталған әскери қазынаны білетіндігі де тағдырын ауырлатады. «Соғыс» тақырыбындағы драма шынайы оқиға негізінде түсірілген.
Еркін Ялгашев, продюсер:
- Фильмнің сценарийі Париж кинофестивалінде гран-при жеңіп алған. Біз оны сатып алып, ағылшын тіліне аудардық. Британдық досым Джесси Джарденге көрсетіп едім: «Желісі ерекше, өте жақсы сценарий, мұны түсіру керек», – деді. Түсіру жұмыстары өткен жылдың жазында басталды. 8 ай түсірдік. Соңғы кадрларды Беларусь елінде түсірдік. Себебі Кеңес заманындағы барлық техникалар сол жерде сақталған.
Фильмде басты кейіпкер Марияны ресейлік актриса Нина Бергман ойнайды. Сондай-ақ кино алаңында қазақстандық актерлар да өнер көрсетеді. Шиеленіске толы 1,5 сағаттық фильм қандай жағдай болмасын жақсылықтың салтанат құратынын жеткізуді мақсат тұтқан.
Батырбек Ғаділбекұлы, қаржыландырушы компанияның өкілі:
- Біздің мақсатымыз – қаржы салып, Қазақстанға американдық, голливудтық жобаны алып келу. Осы кинода қазақ актерлары да ойнады.
Шығармашылық топ «Ave Mariа» фильмін Канн кинофестиваліне ұсынған. Ал әлемдік прокат күзде басталады. «Соғыс» тақырыбындағы үздік картинаны елімізде Kinopark Kinoplex желісінен көруге болады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов