Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 85 жасқа толды
Әдебиет пен ғылымды ұштастырып, рухы биік шығармаларымен бүтін бір ұрпақты тәрбиелеген қаламгердің әлі де ұлтқа берері көп.
Өткен ғасырда әдебиетке құбылыс болып келген өршіл ақын Олжас Сүлейменовті әлем «Адамға табын, Жер енді» дастаны арқылы таныды. 1961 жылы жердің тартылыс күшін еңсеріп, адамзаттың ғарышты игеруін жырға қосқан ақын уақыт өте келе тарихи зерттеулерге қалам тартты. 1975 жылы жарыққа шыққан «АЗиЯ» атты еңбегінде Олжас Сүлейменов түркі және славян мәдениеттерінің өзара ықпалы туралы ғылыми тұжырым жасайды. Бірақ бұл еңбегі мәскеулік цензураның сынына ұшырайды. «Дегенмен уақыттың сынынан өткен бұл шығарма санада сілкініс тудырғаны анық», - дейді әріптестері.
Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы ғалым, қоғам қайраткері:
- Ешқандай асырып айтқан жоқпын, данышпанымыз, кемеңгеріміз Олжекең 85-ке келеді. Олжекеңнің ғажап шығармасы – біздің санамызда үлкен өзгерістер келтірген кітап «АЗиЯ».
Олжас Сүлейменовтің қайраткерлігі – өз алдына бір төбе. Оның 1989 жылы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құрып, Семей жерінде ядролық сынақтарды тоқтату туралы бастама көтеруі халық тарапынан үлкен қолдау тапты. «Талай тағдырды жалмап, ұрпақты сал еткен ауыр сынақ туралы жазылған «Заман-ай» әні сол кездің ұранына айналған еді», - деп еске алады қазір қаламгер.
Жоғарғы Кеңес депутаты, Қазақстанның бірнеше елдегі Төтенше және өкілетті елшісі бола жүріп шығармашылықтан қол үзбеген қаламгердің бірқатар сүбелі еңбегі жарық көрді. Олардың көпшілігін Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырзалиев, Ұлықбек Есдәулет сынды ақын-жашылар қазақ тіліне аударды. Танымдық ой мен терең мазмұнды тіркестерге бай шығармаларын кейінгі буын да тәржімалап келеді.
Ұлықбек Есдәулетов, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:
- Олжекеңнің өлеңі бір қарағанда қарапайым сияқты болғанымен, аударуға өте күрделі. Өйткені әр сөзінің астарында үлкен ой жатады. Жаңа толқын, жас толқын жаңа тыныспен аударғаны Олжекеңе ұнады. Тыңдап, өзі рахаттанып, жастардың аударғанына жаны сүйсінді. Бір заманда жазылған өлеңдер әлі күнге дейін қызығушылық туғызып, аударылып жүрсе, оның өлеңдерінің өміршеңдігін білдіреді деп айтар едім.
«Уақыт өтсе де, жеке құндылықтар өзгермейді», - дейді кемел жасқа келген қаламгер. Ол адамның берік ұстанымына, табар қазығына айналады.
Олжас Сүлейменов, Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері:
- Менің анам Фатима Насыржанқызының 40 жасқа келгенімде айтқаны бар. «Олжас, осы жасыңа дейін біреуге қиянат жасаған кезің болды ма? Соларды айтпай, дастарханға отырмаймыз», - деген. Мен анама ешкімді сатпағанымды, адалдығымды айттым. Енді міне, қанша жыл өтсе де, әр жасқа толған сайын өзіме есеп беремін. Анама берген сол уәдеге, сол аманатқа адалмын ба? Сенімін ақтай алдым ба деп өзіме сұрақ қоямын. Бірақ Құдайға шүкір, мен ол ұстанымнан айныған жоқпын.
Соңғы жылдары Олжас Сүлейменов «Мың бір сөз» этимологиялық сөздігін жасаумен айналысуда. Сөздердің пайда болуы жан-жақты зерттелген іргелі еңбектің оқырманмен қауышар сәті алыс емес.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев