Оливер Стоунның Елбасы туралы фильмінің тұсауы кесілді
Бұл фильм Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы ең ұзақ түсірілген деректі фильм атанатын түрі бар. Түсіруші топ 1,5 жыл тынбай жұмыс істеп, ал Оливер Стоун Елбасымен бір емес, бірнеше мәрте кездесіп, біраз сұхбаттасқан. Онда Елбасы тәуелсіздік алғаннан бергі геосаяси шешімдері жайында, ядролық қарудан бас тарту, ел астанасын көшіру, оның атауын өзгерту секілді күрделі де маңызды шешімдері жайлы айтады. Фильмнің авторлары бұл туындыны қазақстандықтармен қатар әлем көрермендері үшін жасағандарын айтады.
Үш күн бойғы аптап ыстық басылып, бүгін өз туған күнінде елорда қоңыржай мінезіне қайта оралды. Қызыл кілем, сонау Италиядан қадірлі қонақ. Бірақ Оливер Стоун үшін мұндай қошемет таңсық емес. Кино саласындағы сыйлықтың төресі Оскардың үш дүркін, ал «Алтын глобустың» бес бірдей иегері атақты голливуд режиссері соңғы 1,5 жылда Қазақстанға жиі келетін қонаққа айналды. Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаев туралы фильм түсіру біздің тараптың ұсынысы емес.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Бізде Ұлы далада, Қазақ елінде қалыптасқан бір жақсы дәстүр бар. Ол – «Еліңде кімің бар» деп сұрақ қою. Өйткені әр елдің келбетін оның табиғатының ландшафты емес, жерастының байлығы емес, тұлғалары, қабырғалы азаматтары қалыптастырған. Оливер Стоун мырза бұрынғы Кеңестер Одағындағы Орталық Азия мемлекеттерін осыған дейін жан-жақты зерттеген. Әлемге ұсынуға лайық тұлға іздеген. Жаңа заманның жаңа көшбасшысы ретінде таңдауы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсіпті.
Елбасы бұрын-соңды ешқандай шетелдік журналистермен дәл бұлай ұзақ сұхбаттаспаған да секілді. Сұхбат сонау Кеңестің күйреуінен басталып, қазақтың еңселі елордасы Астананың бүгінгі ажарымен аяқталады. Оливер Стоунды қызықтырған бір де бір сұрақ жауапсыз қалған жоқ. Өз кәсіби жолында 40 шақты Президентпен сұхбаттасқан ол Назарбаевтың кез келген геосаяси шиеленістегі шешім қабылдау шеберлігін жоғары бағалайтынын айтады.
Оливер Стоун, фильмнің продюсері:
- Мен Назарбаев мырзаға кез келген сұрақты қоя алатын едім және қойдым да. Дәл қазір елдер арасына баланс керек. Осындай баланстың қажеттігін жақсы түсінетін тұлғалардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Оның үстіне Қазақстан Қытай мен Ресейдің ортасында орналасқан, ал екі ірі держава арасында тұрғанда әрбірімен дұрыс тіл табыса алу – бұл саяси өнер. Нұрсұлтан Назарбаев халықтар мен саясаткерлер арасында диалогтың болуына сеп болды, мысалы, Украина мен Ресей арасындағы кикілжіңді реттеудегі үлесін айтуға болады.
Картинаның негізгі авторы – осы азамат. Украина және Америка киноиндустриясының қайраткері – Игорь Лопатенок. Өз кәсіби жолында бірнеше деректі фильм түсірген, бірақ Елбасы туралы туындыны өзінің ең үздік жұмысы деп санайды.
Игорь Лопатенок, фильмнің режиссері:
- Біз бұл фильмді жасау үшін барымызды салдық. Мен өз өмірімдегі ең үздік жұмысымды көрерменге ұсынып отырмын деп сеніммен айта аламын.
Кеңестің күйреуі – тәуелсіздік алған аңғал әрі жас елдер. Нұрсұлтан Назарбаев сол кездің өзінде кәнігі саясаткер ретінде шешім қабылдай білетін. Деректі фильмде бұл анық көрсетілген. Фильмде Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту шешімі туралы жеке айтылады, көрсетіледі. Бүгін оны тамашалағандар: «Бұл – сөзсіз орны бөлек туынды», – деп жатыр.
Ақан Сатаев, кинорежиссер:
- Елбасының орнын біздің тәуелсіздігіміздің нығаюындағы, алуындағы орнын әлі толық түсінбеген сияқтымыз да. Сондықтан бұл киноның орны бөлек. Қойылған сұрақтар мен алынған жауаптар өте қызық.
Нұрлан Әлімжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл кісінің түсірілген әр қойылымын бала кезден көріп келемін, сүйікті режиссерімнің бірі. Бұл кісі Елбасы туралы фильм түсірді дегенде көп күттім, көргім келді. Өте тамаша, алған әсерім керемет.
Төлеген Мұхамеджанов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
- Оливер Стоун секілді тұлғаның арқасында Елбасының өте ашық әңгімесін тыңдадық. Адам ретінде, тұлға ретінде басқа жерде айтпайтын сөздерін айтты. Бұл әңгімені халқымыз көруі керек. Мен өз басым, әрине, көп нәрсені білетін секілдімін. Бірақ бүгінгі көрген кино мен үшін үлкен жаңалық болды.
Деректі фильмді бүгін «Хабар» телеарнасы көрсетеді. Фильмді түсіруші топ оның толық нұсқасы 8 эпизодтан тұратынын айтады. Және ол кинотеатрлардан көрсетіледі. Шоу-тайм, HBO, Амазон, Нетфликс секілді үлкен платформаларға да орналасуы мүмкін. Ал кинокартинаға сыймай қалған тұсы түзеліп-күзелмеген 700 бетті кітап болып басылып шықпақ. «Себебі Орталық Азияның оазисі, 30 жылдық тарихы бар Қазақстанды және оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы біздің ғана біліп қоюымыз аз, әлем тани түсуі қажет», – дейді картина авторлары.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Мейрамбек Ахмаханов, Аманжол Байғазин.