Анкарада жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі ұлықталды
Енді анкаралықтар тақтайшадағы QR код арқылы атамыз жайында мағлұмат ала алады. Ақынның 175 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған шараны Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және Кечиөрен әкімшілігі ұйымдастырды.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Бауырлас екі ел арасындағы жиілеген барыс-келістің тағы бір көрінісі жыр алыбы Жамбыл атындағы көшеде жарқын көрініс тапты. Көше Анкараның Кечиөрен ауданында 2017 жылы ашылған. Дәлірек айтқанда, айтыс өнерінің майталманы Сүйінбай Аронұлы саябағының жанында орналасқан.
Түрік астанасында өткен салтанатты рәсімге осы елдің қоғам қайраткерлері, көрнекті өкілдері мен танымал тұлғалар қатысты. Айтулы шарада Жамбыл Жабайұлының ұстазы Сүйінбай Аронұлы ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, елімізден келген өнерпаздар концерт ұйымдастырды.
Тургут Алтынок, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі:
- Жамбыл тек қазақтың емес, түбі бір түркі жұртының ақыны. Мұны жас ұрпағымыз білуі тиіс. Ол үшін осы сияқты шаралар саны асыру қажет. Кечиөрен ауданында қазақтың ақын, жазушы және тарихи тұлғаларының есімімен аталған көше, саябақ көп. Ескерткіштер бар.
175 жылдыққа арналған шара «Жамбыл- түркі дүниесінің жыр алыбы» атты халықаралық конференциямен жалғасты. Алқалы жиында қазақ ақынының түркі әлеміндегі рөлі, шығармалары жайлы әңгіме қозғалды. Конференция барысында Жамбыл Жабайұлының түрік тіліне аударылған таңдамалы туындылар кітабының тұсауы кесілді.
Салтанат Жамбылова, ақынның ұрпағы:
175 жылдыққа орай Түркия төрінде конференция өтіп жатыр. Осындай жиындар, конференциялар тағы да жалғасын таба берсе деп ойлаймын. Алматы облысы, Жамбыл ауданы жер жәннаты Жетісу дейміз, ақындар мен батырлар елі дейміз. Еліміздің, жұртымыздың, ұрпақтарының дұғай-дұғай сәлемін алып келіп отырмын.
Билал Чакыжы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары:
- Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мұндай шараларға аса мән береді. Түбі бір түркі жұртының көрнекті өкілдерін еске алып, олардың шығармаларымен таныстырамыз. Оларды түрік тілдеріне аударып, мерейтойларын атап өтеміз.
Ұйымдастырушылар Жамбыл Жабайұлының 175 жылдығына арналған шаралардың мұнымен шектелмейтінін айтады. Қазақстан елшілігі мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының сөзінше, жыл соңына дейін бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Авторы: Меруерт Қанағат