Елордада «Тәуелсіздік дастаны» атты ерекше концерт өтті
Елордада ерекше концерт өтті. Онда 1991 жылдан бүгінгі күнге дейінгі эстрадалық мәдениеттің қалыптасу кезеңдері көрсетіліп, өткен отыз жылдағы ең танымал әндер шырқалды. «Тәуелсіздік дастаны» музыкалық мюзиклін, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Осылайша, қала тұрғындары мен қонақтары ескі де, есті әндерді тыңдап, бір демалып қайтты.
Қазақ ән өнерінің қоңыр үні – Нұрлан Өнербаев. Сол дауыс, сол тембр. Өзгермейтін әуез, ескірмейтін әуен. Тәуелсіздікпен қоса төл эстрада құрылды, дамыды, өсті, жетілді. Ән тұрмақ, нан табу қиынға соққан жылдары бұл туындылар әрбір жанның көңілін көтеріп, ертеңгі күнге деген сенім ұялататын.
Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі:
- 90-шы жылдардың керемет кезеңіне саяхат жасап қайтқандай керемет көңіл-күйде тұрмыз. Қаншама әріптестерімізді көріп, 20 жыл қауышпаған, табыспаған әріптестерімізді көріп қуанып тұрмыз.
30 жыл – 30 хит. Бұл кеш қазақ эстрадасының көрермен алдындағы есебі іспеттес. Сәнді сахна, көңілді көрермен. Өзінің ескі әнінің ел есінде жатталып қалғанын көрген әнші де мәз.
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
- Халық әр әнді ыстық қабылдап жатыр. Өзім шыққан кезде, менімен бірге қосылған кезде бұл әнді көрерменнің әлі есінде екен, «Сүйген жүрек» әні ерекше бір сезім ұялатады.
Жылдар жылыстайды, ән мен әнші өзгереді. Өзгермейтін тек – көрерменнің ықыласы, өнерге деген құрметі. Осылайша, Тәуелсіздіктің ордалы отызына орай елордалықтар бір серпіліп қалды. Жалпы елорданың мәдени мекемелері ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 40-тан астам іс-шара өткізіпті.
Авторы: Гүлжан Марқабаева