Театр және кино актері Төлеубек Аралбай дүниеден өтті
72 жасқа қараған шағында театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Төлеубек Мұхамеджанұлы Аралбай дүние салды. Бұл жайында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры хабарлады.
Төлеубек Аралбай 1950 жылы 18 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. Өнерге құштар ол бала кезінен-ақ қаладағы Пионерлер Сарайының драма үйірмесіне қатысты. Оның өнердегі ең алғашқы ұстазы атақты В. Мейерхольдтің шәкірті, репрессияға ұшырап, Семейге айдалып келген режиссер И. Вишневский болды.
1964-1966 жылдары Семей облыстық музыкалық драма театры жанындағы студияны оқып бітірген соң театрдың қазақ тобына қабылданып, алғашқы рөлдерін орындады.
1976 жылы көркемдік кеңестің шешімімен қарашаңырақ театрдың актерлік тобына қабылданады. Театр спектакльдеріне студияда оқып жүргенде-ақ қатысқан оның алғашқы рөлі О.Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасындағы Жігіт еді. Содан бері өткен қырық екі жыл ішінде ол сахнаның үлкен шеберіне айналды.