Наурыз Fest: елордада мерекеге орай 100-ден астам шара ұйымдастырылады
Расымен, бұл мейрамды халық көп күтті. Тіпті шаралардың бірқатары өткен демалыс күндерінде де өтті.
Елорда тұрғындары Наурыз мейрамын өткен демалыстан бастап атап өтуде. Достық үйінің маңында ауқымды ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, алаң балақайлардың күлкісіне толды.
Араға бірнеше жыл салып, карантиндік шаралар тыйылып, наурыз мейрамын көпшілікпен тойлайтын шақ жеткеніне балақайлар ғана емес, күллі халайық қуанышты. Бұл күнді барлығы сағынғаны анық. Ер-азаматтар тартысты додаға, ал қыз-келіншектер қолөнер бойынша шеберлік сабақтарына қуана қатысты. Концерттік бағдарламадан тыс 21 этно-мәдени орталық өкілі кеш қонақтарына ұлттық тағамдардан дәм таттырды.
Гүлнәр Ноянқызы, ҚХА қалалық хатшылығының өкілі:
- Бүкіл концерттік бағдарламаға жастарымыз, балаларымыз, үлкен кісілер де – барлығы қатысып жатыр. Қаншама кісілер келіп, осы жерде қонақ болды. Үш үлкен киіз үй тігілді. Ұлттық сусынымыз наурыз көже, палау жасалып, ыстық бауырсақ таратылды.
Ауа райы қолайсыздығына қарамастан, елордалық еріктілер де жағалаудың бойында Наурыз Fest концерттік бағдарламасын ұйымдастырды. Би мен байқаулардан бөлек, жастар қала тұрғындарына ыстық бауырсақ пен шай таратты. Осы шаралардың арқасында қалада мерекелік көңіл-күй сезіледі. Тіпті мереке құрметіне орай елордада ауылшаруашылық жәрмеңкесі де өтуде. Мұндағы бағалар нарықтағыдан 15% арзан.
Ал ең басты мерекелік шара елордада ертең өтеді. Қаланың әр ауданы осындай ақшаңқай киіз үйлер мен ән-жырға толады. Сондай-ақ 20-дан астам алаң безендіріледі. Олай болса, Наурыз мейрамын ұлықтап, ұлттық ойындарды ойнап, тағамдардан дәм тату мүмкіндінен қапы қалмаңыздар!
Авторлары: Дана Әлиева, Диас Ковланбаев, Нурлан Малгельдинов