Қарағанды облысы Ұлыстың ұлы күнін сән-салтанатымен атап өтті
Тұрғындар қаз қатар тігілген киіз үйлерден дәм татып, ұлттық ойындарды тамашалап, көңіл көтерді. Ал жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, мерекенің көркін қыздырды.
Пандемия салдарынан соңғы екі жылда лайықты деңгейде тойланбай қалған ұлық мейрамды жұрттың сағынып қалғаны байқалып тұр. Күннің суығына қарамастан мерекелік алаңға жиналып, жоғары деңгейде атап өтті. «Ұлыстың ұлы күні – ұлық мейрам. Араздасқандар татуласып, төс қағысады, ой тазарады», - дейді олар.
Бұл күні орталық саябаққа 16 ақшаңқан үй тігілді. Оның әрқайсысы тақырыпқа сай безендірілген. Қазақтың салт-дәстүрі, тарихы мен өнері, киелі орындары туралы мол мағлұмат алуға болады. Кез келген адамға есігі ашық.
Бекзат Алтынбеков, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты:
- Барша Арқа жұртын Ұлыстың Ұлы күні мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақ елінің әрбір атқан арайлы таңы тек жақсылық мен қуаныш әкелсін! Аман болайық! Бірлігіміз мәңгілік жасай берсін!
Бұл күні қала тұрғындары ұлттық тағамдардың сан түрі самсаған мол дастарқаннан дәм татып, мәре-сәре болды. Сондай-ақ жергілікті өнерпаздардың концертін, спорттық сайыстарды тамашалады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев