Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында көкжөтелден бір бала қайтыс болды

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Жағдайдың ушығып тұрғанын айтқан министр ел тұрғындарын дер кезінде екпе алуға шақырды. Өткен жылдан бері қызылша мен көкжөтел өршіп тұр. Ауа тамшылары арқылы жылдам таралатын жұқпалы ауруға қарсы елімізде тегін екпе де бар. Бірақ сол екпені салдырудан бас тартатындар аз болмай тұр. Мысалы, бір балабақшадағы балалардың 90% екпе алып, қалған онының біреуі ауру жұқтыратын болса, барлығына да қауіп жоғары. Сондықтан ата-аналар өздерінің және өзгенің баласына деген жауапкершілікті сезінуі керек. 

Ақмарал Әлназарова , ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біз биыл халықтың денсаулығы әлсіз екенін анық байқадық. Екпе алмаған балалардың саны аз болғанымен, соңғы жылда жинақталған көрсеткіштің өзі аурудың тез таралуына себеп болды. Өкінішке қарай бала өлімі тіркеліп отыр. Сондықтан инфекциялық аурудың алдын алуға бағытталған екпеге атүсті қарауға болмайды.