Түркияда өткен «Қорқыт Ата» кинофестивалінде Қазақстан үш жүлдеге ие болды
Достық Талғатұлы, тілші:
- Қорқыт ата кинофестивалінде қатысушы мемлекеттер бір жағынан өздерінің әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын көрсетсе, екінші жағынан түбі бір түркі халықтары кино өнерін жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр. Өйткені әр ел өзінің үздік туындыларын бұл бәйгеге қосқан. Мына жерде кино майталмандары саланы одан әрі дамытудың жолдарын қарастырып жатыр.
Аудиториясы көп болғанымен бүгінгі батыс киносының бағыты басқа. Ал тарихы терең, мәдениеті бай түркі халықтарының өзіндік даму жолы бар. Әлемдік прокатта ойып тұрып орын алу үшін көп еңбектену керек. Сол бай мұраны кәсіби деңгейде паш ете білу қажет. Осы фестиваль соның бастамасы.
Сұлтан Раев, Түрксой ұйымының бас хатшысы:
- Түркі әлемінде түсіріліп жатқан жаңа киноларды фестиваль аясында көру арқылы біз бауырлас елдердің қазіргі даму бағытымен танысамыз, өзара тәжірибе алмасамыз. Кино саласындағы мәселелерді бірлесіп шешудің жолдарын талқылаймыз. Яғни бұл фестиваль өміршең болады деп ойлаймын.
Мәдени шара аясында Түркияның кинотеатрларда отандық «Дос-Мұқасан», «Ақ боз үй», «Мұзбалақ» сияқты туындылар көрсетілді. Оған бауырлас елде оқып жүрген қазақ жастары да арнайы келген.
Арай Назымова, студент:
- Өте керемет атмосфера болды. Өте керемет сезім алдым. Актерлық ұжымға, актерлерге көп-көп рақмет!
Айша Әшім, студент:
- Алдында Дос-Мұқасан ансамблін білетінмін. Бірақ атам сүйіп тыңдайтын да. Мен сол әуелде түсінбейтінмін. Ал қазір шетелде осы өзіміздің ән, өзіміздің тіл, өзіміздің менталитет, мен жыладым.
Фестивальде «Ақ боз үй» фильміндегі образы үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов «Үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ал отандық режиссер Алексей Каменскийдің «Еуразия билеушілері» туындысы екінші орынды иеленді. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, продюсер Қанат Төребай Түркі мәдениетіне қосқан үлесі үшін марапатталды.
Қанат Төребай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, продюсер:
- Өнер саласында жұмыс істеп жүргеннен кейін осындай жүлделер бізді бір жерден көріп, еңбегімізді бағаласағ әрине шабыттандырады. Одан да қатты жұмыс істегің келеді. Одан да мықты фильмдер түсіргің келеді. Әрине, шабыттандырады.
Иә, бұл марапаттар отандық киногерлерді жаңа белестерге жетейлейтіні анық. Алдағы жылы «Қорқыт ата» кинофестивалі Әзербайжанның Шуша қаласында өтеді.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Аманжол Байғазин