«Менің үлкен қазақы отбасым: Операция бажухи» фильмі көрерменге жол тартты
Отбасылық комедия әр шаңырақтағы татулықты, ұлттар арасындағы достықты сөз етеді. «Tiger films»-тің жаңа туындысы еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.
Комедиялық картина құмар ойынның құрбаны болған Бүркіт есімді кейіпкердің өмірі жайлы. Ол әкесінен қалған қара шаңырақты казиноға тігіп, отбасымен далада қалады. Күйеу балалары тығырыққа тірелген қайын ағасынсына көмектесу үшін «бажалар операциясын» бастайды. Барлығы жабылып қиындықты еңсерудің жолын іздейді.
Олжас Әлжанов, актер:
- Мына кинода әртүрлі ұлт болғанымен ауызбіршілігі ажырамай бір жақсы мемлекетте өмір сүреді, соны көрсетеді. Қандай ұлт болсын мына жерде мысалы, кәрісі бар, афроамериканы бар, орысы бар, қазағы бар бәріміз бірге бір проблеманы бірге шешіп жатқанымызды көрсетеді. Сонысымен көп ұлттарға ұнайды деген үміттеміз ғой.
Бұл «Менің үлкен қазақы отбасым» фильмінің жалғасы болғандықтан актерлер құрамы өзгеріссіз. Фильмде Олжастан өзге Нұркен Иманқұлов, Александр Лим, Дэниел Джеймс, Гүлнар Силбаева және Дина Тасболатова ойнайды. Шығармашылық топ жабық көрсетілімге келген қонақтармен кездесіп, сұрақтарына жауап беріп, естелік суретке түсті. Алматы қаласы мен облыс аумағында түсірілген кино режиссері Дархан Сәркенов.
Дархан Сәркенов, режиссер:
- Коммерциялық фильм болғандықтан бұл жердегі басты мақсаты - көрерменді күлдіру, көрерменнің көңілін көтеру. Бұл фильмнің түсірілімі 14 күндей болды. Екі аптадай дайындалып, 14 күнде түсірілген фильм, өте жылдам.
Комедияның қызықтығы соншалықты 1,5 сағат лезде өте шығады. Ал Бүркіт әкесінен қалған қара шаңырақты қайтара ала ма? Оны фильмнен біле аласыздар. Каритна бүгіннен бастап еліміздегі барлық кинотеатрларында көрсетіледі.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов