Мұстафа Шоқайдың мөртаңбалары музейге өткізілді
Иә, бір ақынымыздың шығармасына, білім бағдарламасынан уақыт табылмай жатса, енді біріне лайықты деңгейде мұражай ашып бере алмай отырмыз. Қазақстанда Мұстафа Шоқайға арналған бірде-бір мемлекеттік музей жоқ. Қызылорда қаласындағы университеттердің бірінде тек ғылыми орталық болса, жәдігерлері сақталған шағын ғана мұражай Астанадағы №51 мектепте орналасқан. Оның өзін білім ошағы өз күшімен ұстап отыр. Мұстафа Шоқайға тиесілі 500-ден астам экспонаты бар мектеп музейі, тағы бірнеше құнды дүниемен толықты. Түркі әлемі көсемінің жұмыста қолданған үш түрлі мөртаңбасын шоқайтанушы Бақыт Садықова көзінің қарашығындай сақтап келген. 1990 жылдардың басында Франциядан әкелінген құнды дүниелерді зерттеуші әжей содан бері 30 жыл бойы ай сайын ақысын төлеп арнайы қоймада сақтаған екен. Кейуананың аманатын музейге белгілі журналист Гүлбаршын Заирова тапсырды.
Гүлбаршын Заирова, журналист:
-Барлық құжаттарында 1939 жылға дейін осы мөрлер басылған. Мына жерде мәселен, Мұстафа Шоқайдың есімі және тұрған үйінің мекенжайы жазылған. Барлығы француз тілінде. Құпия хаттарға қойған мөр бар екен. Хаттардан бөлек жазған мақалаларының астына қойған мөр бар екен. Болашақ ұрпағымыз, жалпы қазақ халқы Мұстафаның өз қолымен ұстаған мөрін осы мұражайдан көрсін. Еге болып отырған осы мұражай әзірге. Енді ары қарай мемлекеттің, билігіміздің құзырында.