Хабар телеарнасы

Елорданың 25 жылдығы: Астанада FILARMONIA FEST-2023 өтті

Астана филармониясы елорданың 25 жылдығын атап өтуді бастап кетті. Мерейлі мерекеге орай алғаш рет ауқымды фестиваль ұйымдастырылды. Шараға 500-ге жуық ұжым қатысып, Астана көшелерінде концерттер өткізді.

Сенбінің таңын елорда тұрғындары қаламыздың 25 жылдығын мерекелеумен бастады. Астана әкімдігі мен Мемлекеттік академиялық филармония өнерпаздары концерт шеруін ұйымдастырды.

Ерлан Дакенов, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры: 
- 11-ден сағат 1-ге дейін бізде, «Музыка – балалар көзімен» атты балаларға арналған сурет салу конкурсымен бастады. Олар бормен сурет салу, мүсін жасау, мольбертпен өнерлерін көрсетті. Фестиваль арқылы біз маусымды жауып жатырмыз.

Байқаулар қорытындысы бойынша үздіктер 4 номинация бойынша марапатталды. Әрі қарай Сарыарқа ансамблі мен үрмелі аспаптар оркестрі шеберлік сабақтарын өткізді. Кешкі сағат 9-ға дейін филармония алаңынан Есіл өзенінің жағасына дейін мерекелік шаралар өтті.

Бақыт Тажинов, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының режиссеры: 
- Концерттік бағдарламада орындалатын шығармалардың барлығы бірінші елорда тұрғындарына сыйлық ретінде арнап жатырмыз. Орындалып жатқан шығармаларлардың 80% десем, әрбір ұжымның алтын қоры бар ғой. Біз сол алтын қорды халыққа ұсынып жатырмыз.

Ауқымды шараға симфониялық, үрмелі аспаптар оркестрі, эстрада мен классикалық әншілер, заманауи және этно бишілер де қатысты.

Айгүл Абуева, қала тұрғыны: 
- Астана қаламызда жоғары деңгейде ұйымдастырылған филармония фестивалі ұйымдастырылып жатыр. Өте жоғары деңгейде.

Елорданың 25 жылдығына орай өнер ұжымы 25 нөмірі бойына сап түзеді. Мерекелік тарту қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты.

Авторлары: Диана Қадыр, Алібек Алиев