Шымкенттегі мәдени кешенге келушілер саны артты
Шымкенттің көне тарихынан сыр шертетін мәдени кешенге келушілер екі есеге көбейді. Жыл басынан бері ескі қалашықты тамашалауға 40 мыңнан аса турист келген. Олардың қатарында Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қытай, Үндістан және Америка елдерінен саяхаттап келушілер бар.
Шымкенттің 2200 жылдық тарихын айғақтайтын «ShymQala» тарихи-мәдени кешені 4,5 гектарды алып жатыр. Мұнда этнотуризмді дамыту үшін Шахристан мен Цитадель аймағы қайта қалпына келтіріліп, ортағасырлық құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылған.
Сара Балделли, турист (Италия):
- Шымкент қаласы өте әдемі. Қазақстанда мейірімді адамдар тұрады екен. Мұнда өзімізді қауіпсіз сезініп жатырмыз. Бір аптаның ішінде шаһарды шарлап, барлық көрікті жерлерді көргіміз келеді.
Мәдина Кенжеқұлова, «ShymQala» тарихи-мәдени кешенінің директоры:
- 7 айдың ішінде 5 мыңнан аса турист, 35 мыңға жуық Қазақстан азаматы біздің кешенге келіп, экспозиция залдарын және археологиялық аймақтарды тамашалады. Біздің кешеннің ғылыми қызметкерлері жалпы шетелден келетін азаматтарға да, өзіміздің қонақтарға да кең көлемде қызмет етеді. Төрт тілде экскурсия жүргізіледі. Қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдері.