Хабар телеарнасы

«Жамбыл. Жаңа дәуір»: Қазақтың кино қоры тағы бір туындымен толықты

«Жамбыл. Жаңа дәуір» Қазақтың кино қоры тағы бір туындымен толықты. Елордада жыр алыбы Жамбыл Жабаев туралы фильмнің жабық көрсетілімі өтті. «Фильмде елімізден бөлек кешегі Кеңес Одағына танымал болған тұлғаның өмір-дерегінен тың мәлімет бар», — дейді. 

Өлең сөздің дүлділі Жамбылға арналған фильм жас актер Асылбек Әйтіш түскен алғашқы тарихи туынды. «Сондықтан жыршының суырып салма ақындығы мен жыраулық тұсын ойнау оңайға соқпады»,— дейді ол.

Асылбек Әйтіш, актёр:
-Өйткені Жамбыл атамыз Құлмамбет атамызбен айтысады. Сол кезде Құлмамбет атамыздың шегі үзіліп, айтыстан жеңіп шығады. Сол айтысты жеңіп шығуға лайықты қылып үйрену маңызды болды. Сол үшін барынша домбыраны жетік меңгеруге, ақындар сияқты айтысуға тырыстым.

Туындыда ұлы ақын өмірінің соңғы 9 жылы суреттелген. Сталин сыйлығын алған Жамбыл Жабаевтың шынайы болмысы мен ішкі жан күйзелісі, Компартиямен қарым-қатынасы көрініс тапқан. Әсіресе ұлтының ұлылығын айтып, жоғын жоқтаған жыршының біраз өлеңдері бұрмаланып, өзгеріске ұшырағаны көрерменге ой тастады. «Біз 90-ға келген қарияға Кеңес Одағы керек пе, әлде ол Кеңес Одағына керек болды ма?» деген сұраққа жауап іздеп, ақтандақ тарихтың шынайы бетін ашуды көздедік»,— дейді режиссёр.

Жандос Құсайынов, сценарий авторы әрі режиссёрі:
-Басқа қырынан ашуды көздегенбіз. Сол кездегі саяси конъюктурадан кішкене ауытқып, басқаша жасағымыз келген. Осы тұрғыдан кішкене көркемдік жағынан, ізденіс жағынан қиындықтар болды. Көптеген әдебиетті ақтару керек болды. Одан кейін мынау Ресейлік кейбір сол кездегі, сол замандағы идеологияға қатысы болған адамдардың ұрпақтарының пікірлерін іздедік. 

«Сыбызғы болдым үні жоқ, асыл болдым құны жоқ» деп жырлаған ақын туралы фильм 6-маусымнан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіледі.

Авторлары: Алуа Маханбет, Аманжол Байғазин