Көшпенділер ойындары: Сыр елінің ісмерлері рекорд жаңартуға ниетті
V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында елордада қазақтың ұлттық құндылықтары паш етілетін көрме өтеді. Оған Қызылорда облысынан бір топ қолөнер шебері қатысады. Олардың қатарында 16 құрақшы қыз-келіншек бар. Сыр елінің ісмерлері «Аламан құрақ» жобасы аясында ел рекордын жаңарту шарасына үлес қосуға ниетті.
Рекордты жаңартуға қатысушы қолөнер шеберлерінің бірі Күләйхан Байжанова. Он саусағынан өнер тамған Қызылорда қаласының тұрғыны мына көздің жауын алатын құрақкөрпені небәрі бір аптада тігіп шыққан. «Бала күнімнен үйренген өнерім болғандықтан, ұлттық дәстүрімізді әлемге танытатын маңызды шараға қатысуға қуана келістім», – дейді шебер.
Күләйхан Байжанова, қолөнер шебері:
- Бірдей техникада, бірдей түсте, бірдей өлшемде тігілген көрпешені республика бойынша 450 құрақшы бір мезетте кілем түстес етіп жаямыз. Қазақтың ол жерде төл өнері құрақты әлемге паш ету. Ұрпақтан ұрпаққа деген сабақтастықты жалғастыру.
Елордаға әр өңірден жиналатын 450 құрақшының 16-сы Сыр өңірінен барады. Олардың ішінде Күләйхан Байжанованың қызы Айдана мен немересі Нұрбибі де бар. 12 жастағы Нұрбибі Темірхан сурет салып, әшекей жасауды жақсы көреді екен. Ал құрақ құрауды екі жылдан бері үйреніп жүр.
Нұрбибі Темірхан, К. Байжанованың немересі:
- Әжем үйретеді, анам өзі көрпеше тіге алады, өзі бисермен де жұмыс істей береді. Сосын анамнан қарап үйрене бастадым. Үйреніп алған соң өзім жасай беремін.
Барлық шебер бірдей үлгіде ұзындығы 2,5 метрлік көрпеше дайындаған. Оған қошқармүйіз, гауһартас, аламан құрақ және құсмұрын оюлары қолданылыпты.
Күләйхан Байжанова, қолөнер шебері:
- Кәдімгі қошқармүйіздің бір сынығы іспеттес жасалынған. Ақниетпен тігілген нәрсе. Ақты пайдаланып отырғаны, соны да біз паш еткіміз келіп отыр.
Қазақстандық 200 құрақшы былтыр да елордада рекорд орнатқан екен. Рәміздер күні аясында өткен шара барысында 500 метр құрақкөрпеше тігіп, жұртшылықты таң-тамаша қалдырған. Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы көрмеде осы рекордты жаңарту жоспарланып отыр, - дейді шеберлер.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев