Хабар телеарнасы

Әлеуметтік желіде қазақ әні не себепті жоғалып кетті?

Еліміздегі республикалық қоғамдық ұйым «Қазақстан Авторлық Қоғамы» Meta компаниясының қабылдаған шешіміне наразылық білдіріп отыр. Мәселе неден туындады? Қазақстандық әндердің басым бөлігі Instagram мен Facebook платформаларында жоғалып кетті. Бір аптаның жүзі болды, әлеуметтік желі қолданушылары сүйікті әндерін таппай, желіні шулатты. Бұған әншілер де алаңдаулы. Олар авторлық қоғам тарапынан төлем алмағанына бірталай уақыт өткенін айтады. Ал бұның себебі неде? Жағдай қашан түзеледі?

Желіде Stories пен Reels салу қиындап кетті. Себебі қазақша әндердің көбі іздеу жүйесінен шықпайды. Ол аздай, қолданушылардың бұрын таңдап салған әндері де дыбыссыз қалған.

Бұған негізгі себеп - Қазақстан авторлық қоғамы мен Meta компаниясының арасындағы келісім мерзімі аяқталған. Нәтижесінде Meta барлық платформасынан ҚазАҚ-пен келісімшарты бар қазақстандық автордың музыкасын алып тастауды ұйғарды.

Мұхтар Әбдезов, ҚР Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы көмитетінің бас сарапшысы:

-Мүліктік құқықтарды ең басты басқаратын ұйымдар ол авторлардың өздерінен құрылады және авторлардың өздерінің құқықтарымен реттеледі. Сол себепті бұл жерде мемлекет тарапынан Әділет министрлігі ол салаға араласа алмайды. Бұл жерде азаматтық болғаннан кейін, тек қана екі тараптың шешуіне жол беріледі. 

Бұл келісім бір бөлек. Қазақстандық әншілер бұған дейін де ұйым тарапынан берілетін төлемнің аз екендігін айтатын. Мәселен, әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндері үшін оның ұрпақтарына 3 айда 22 мың теңге ғана төлеген. Сондықтан өнер адамдары Қазақстан авторлық қоғамының жұмысы барынша ашық болса дейді. Былтыр ұйымға түскен қаржының тек 30% ғана әншілерге беріліпті.

Ботагөз Қалдаяқова, «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

-2019 жылдан бері бізге тиын-тебен төленіп отыр. Атамыздың 55 хит әні бар екенін ескерсек, қаржы дұрыс есептелмей немесе авторлық құқық қорғалмай отыр. Себебі қайда барсаңыз да, Шәмшінің әндері шырқалады.

Қазақстан авторлық қоғамы Meta компаниясынан біздің әндерді пайдаланғаны үшін төлемдерді көбейтуді де сұраған.

Байғали Есенәлиев, «Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ төрағасы:

-Авторларымыздың туындысын пайдаланғаны үшін төлейтін төлеміне келіспей отырмыз. Бұған келісетін болсақ бірнеше жылға созылып кетеді. Сондықтан біз өз талабымызды қойып отырмыз. Келіссөз жүріп жатыр. Пайызбен айтатын болсам, біз Еуропа және басқа елдерден төленетіндерден 200 есе төмен төлемекші. Бұл дегеніңіз масқара ғой.

Бірақ әзір төлем түгіл, бұрынғы әндерді қайтару да қиынға соғып тұр. Ендігі үміт - қазақстандық музыка әлемдік платформа көлеңкесінде қалмаса игі.

Авторлары: Дана Әлиева, Самат Оспанов, Әлібек Алиев