Елордада «Дүние дидарындағы Димаш» атты көрме ашылды
Қазақстанның халық артисі, композитор Димаш Құдайберген жатқан бесік пен оның сахна киімі ұлттық музейге қойылды. Бүгін Астанада «Дүние дидарындағы Димаш» атты көрме ашылды. Онда Құдайберген әулетінің бесігі, Димаштың бала күнгі суреттері, оның әлемдік сахналарда киген киімі мен жеңіп алған марапаттары қойылған. Одан бөлек, Димаш Құдайбергенге жанкүйерлері мен әлемге танымал тұлғалар тарту еткен сыйлықтар көрсетілді. Арасында Майкл Джексонның қолтаңбасы қойылған мына плакат бар. Бұл плакат араға 24 жыл салып Димашқа сыйға тартылған. Ал ең қызығы мұндағы қолтаңба тура Димаш дүниеге келген күні қойылған екен. Көрме 6 қазанға дейін болады. Ашылу салтанатында әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйері көп болды.
Гүміш Букет, жанкүйер:
- Мен Димаштың Түркияда өткен концертін көрдім. Маған үлкен әсер қалдырды. Сондықтан бұл жолы арнайы Қазақстанға іздеп келдім. Оның туып-өскен жерін, отбасын көріп, шығармашылығымен етене танысқым келді. Димаштың әндерін сүйіп тыңдаймын. Ол - көпшіліктің жүрегіне жол табатын бірегей әнші.