Хабар телеарнасы

«Әйел бақыты» телехикаясы түрік жұртының ыстық ықыласына бөленді

«Әйел бақыты» телехикаясы түрік жұртының ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Жалпы қазір әлемде телехикая индустриясында бәсекелестік жоғары. 

Бүгін жаңа маусымның алғашқы бөлімі әзірленіп жатыр. Жалпы телехикаяның бір бөлімі 5-6 күн түсіріледі.

Бүгінгі түсірілім кешкі бестен таңғы беске дейін жалғасты. Себебі кешкі «патиді» сахналайды. Мұндай жұмыс кестесіне ұжымның еті үйренген.

Айча Бингөл, Сонгүл рөлін сомдаушы:
-Күнделікті өміріміз осы. Әр эпизод барынша шынайы шығуы тиіс. Мен сомдайтын Сонгүл ұзақ жыл бір байдың үйінде қызметші болып істейді. Жалғызбасты ананың өмірі күреске толы.

Туындыны халықтың тұрмыс тіршілігіне барынша жақын етіп түсіруге тырысқан. Мәселен, мына үйде телехикаяға дейін адамдар өмір сүрген. Ал кеттік «Әйел бақыты» телехикаясы қалай әзірленеді? Кадрдан тыс тіршілікті «Хабар» көрерменіне көрсетейік.

Техник мамандар бірнеше сағат бұрын келіп, құрылғыларын орнатады. Декораторлар әр реквизит алдыңғы түсірілімде қалай тұрғанын салыстырады. Себебі бір заттың орны ауысуын экран кешірмейді. Ал көрермен оны бірден байқайды. Мәселен, «Медине» бірнеше күн осы эпизодта тұратын орны мен әрекетін жаттап алған.

Жансу Тосун, Медине рөлін сомдаушы:
-Әрекет, тіпті мимика маңызды. Мен сомдайтын Медине ауылдан келген қыз. Сонгүл және Хайриемен дос. Күндердің күнінде үй иесіне ғашық болады. Алайда әлеуметтік теңсіздік. Махаббаты жауапсыз қала ма? Соны білеміз.

Комедия жанрындағы телехикаяның әр бөлімі шытырман оқиғаға толы. Тіпті көрермен кейіпкерлермен бірге сұрақтарға жауап іздеп отырады.

Жерен Морай, Хайрие рөлін сомдаушы:
-Телехикаяның көрерменмен байланысы ұнайды. Қазір әлемдегі соғыс, ашаршылық, қуаңшылық жайлы жаңалықтар көбейді. Осындай қиын кезде адамдардың көңіл күйін көтеретін – «Әйел бақыты».

«Айча Бингөл, Жерен Морай және Жансу Тосун сынды көптеген танымал актёрлердың басын қосқан бұл сериал қоғамдағы қордаланған әлеуметтік мәселелерді көтереді»,— дейді сценарий авторы. «Хабардан» 16 қыркүйектен бастап «Әйел бақытын» көріңіздер.

Авторы: Меруерт Қанағат