Алматылық қылқалам шеберінің суреттері шетелде жоғары сұранысқа ие
Алматылық қылқалам шебері Әсемгүл Сүлейменованың суреттері шетелде жоғарғы сұранысқа ие. Биыл ол британдық «Golden Time Talent» халықаралық байқауына қатасып, бас жүлдені жеңіп алды. Өнер иесі өз шығармаларында сан түрлі бояулар арқылы ұлттық келбетімізді кескіндейді.
Әсемгүл «Шабыт» өнер университетінің түлегі. Ұлттық нақышта сурет салуды ұнатады. Әшекей бұйымдар мен ою-өрнектерді кескіндейді. «Ана мен бала» деп аталатын картинасында енесі мен жолдасының бала бейнесін кенепке түсірген. Енесі Бақыт Сүйлейменова 1995 жылы «Жамбылдың жастық шағы» фильмінің эпизодына түседі. Киіз үйдегі көрініс фотоға басылады. Сол сәтті Әсемгүл майлы бояумен әдемі сала білді.
Әсемгүл Сүлейменова, суретші:
-Соны мен ойымда осыны саламын деп 2-3 жылдай ұстап жүрдім. Әбден уақыты келгенде осы 2023 жылы көктемде салдым да, жазда байқауға жібердім, бір айдан соң нәтижесі келді.
«Ана мен бала» суреті үшін суретші Ұлыбританияда өткен халықаралық байқауда бірінші орын алды. Ұлттық болмыс пен бояуға толы картиналарға еліміз бен шетелден тапсырыс көп түседі екен.
Әсемгүл Сүлейменова, суретші:
-Қазақи нақыштағы ою-өрнектері бар немесе киіз үй, табиғаттың біздің таулары бар, көбінесе сондай суреттер немесе жылқылардың суреттері ұнап жатады.
Суретшінің туындыларында дархан дала, тарихи жерлер, тұмса табиғат, ұлттық салт-дәстүр мен қарапайым адамдар бейнеленген. Әсемгүл халықаралық байқауларға жиі қатысып, шеберлігін шыңдауды, қазақ кескіндеме өнерін әлемге танытуды масқат етеді.
Авторлары: А. Садуақас. М.Құдықбаев