Ақбар Мәжитұлының 70 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Алматыда Қытайдың танымал жазушысы, аудармашы, қандасымыз Ақбар Мәжитұлының 70 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұлттық кітапханаға жиналған қаламгерлер, елге қонақ болып келген жазушыны төрге шығарып, еңбектері, шығармашылық жолы туралы ойларын ортаға салды. «Ақбар Мажитұлы экология тақырыбындағы әдебиеттің көшін бастап жүрген жазушы»,– дейді қаламдастары. Оның табиғат пен адамның байланысы туралы «Тау хикаялары» шығармасы оқырманға кеңінен таныс. Конференцияға қатысушылар жазушының «Мұқағали» романы, Абай шығармаларын, Моңғолдың құпия шежіресін аударуы өскелең ұрпақтың дүниетанымына әсері зор деп атап өтті. Ақбар Мәжитұлы телевизия, кино, баспа салаларында жауапты қызметтер атқарған. Қытай мемлекеттік әдеби сыйлығының, Қазақстанның «Достық» орденінің иегері.
Қансейіт Әбдезұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы:
-Ол кісі қазір тек Қытайда ғана емес, қазақ елінде ғана емес, бүкіл түркі әлемінде керек болса, әлемдік деңгейдегі қаламгер деп айтуымызға толық негіз бар. Себебі ол кісі санаулы таза қытай әдеби тілінде жазатын қаламгерлердің бірі. Қазақ қаламгері.
Ақбар Мажитұлы, жазушы:
-Былтырғы жылы Қытай мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толуына орай 30 ән аударып, қытайша шығардым. Абайдың үш әні бар, Шәмші Қалдыаяқовтың шығармалары бар. Мәдениет ауыс-түйіс деген өте маңызды ғой, Қытай мен Қазақстан әзір мәңгі достық көрші болып отыр. Осындай мәдениет ауыс-түйіс болса, екі елдің көңілі тоғысады. Көңіл тоғысқан жерде барлық нәрсе шешіледі деген сөз.