Хабар телеарнасы

Ақтөбеде «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі өтіп жатыр

Ақтөбеде «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі өтіп жатыр. Ауқымды жобаның мақсаты - ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, ұрпаққа рухани тәрбие беру. Фестиваль бес күнге ұласады. Әр күні түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады деп жоспарланған. Бүгін ұлттық киім үлгілерінің көрмесі өтті. Танымал этнодизайнердің көздің жауын алатын туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге он саусағынан өнер тамған зергерлердің әшекей бұйымдары да қойылған. Ал ертең қала тұрғындары мен қонақтары аңшылық пен ұлттық спорт түрлерін дәріптейтін жарыстарды тамашалай алады. Фестиваль аясында атымтай жомарт жандар мұқтаж адамдарға сыбаға таратады.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

-«Сыбаға» деген өзіңізге белгілі түсінік. Жалпы осы фестиваль аясында біз салт-дәстүрімізді насихаттау, өскелең мына жастарға жеткізу. Соның аясында бір аптаның ішінде бізде осындай шаралар өтетін болады.

Эльмира Шермұхамбетова, қолөнер шебері:

-Негізгі мақсатым – ою-өрнек арқылы адамның жан-дүниесіне рухани байлық сыйлау. Біздің ұлттық дүниемізді жаңғырту. Өйткені әдемі киім, біздің өрнектің сұлулығы адамның руханиятын дамытады. Оны адами құндылықтарын өсіреді және біздің ұлттық негізіміздің, ұлттық болмысымызды, руханиятымызды көтеру.