Хабар телеарнасы

Алматыда ақын Ә.Шегебайдың қос жинағының тұсауы кесілді

Алматыда танымал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлібек Шегебайдың қос жинағының тұсауы кесілді. Ердің жасы елуге толған қаламгер оқырмандарына осылай есеп берді.

«Көңілімнің көктемі» жинағына поэзия жыршысының әр жылдары жазылған өлеңдері енген. Ал «Өмірімнің өткелі» кітабында ақынның шығармашылығы туралы баспасөз беттерінде жарияланған мақала, сұхбаттар, аға буын қаламгерлердің және әдебиеттегі замандастарының пікірі жинақталған. Сондай-ақ ұлы тұлғалар мен қайраткерлерге жазған арнаулары да бар. Әлібек Шегебайдың осыған дейін жарық көрген «Алакеуім», «Әйнекке түскен сәуле» жыр жинақтары да оқырманның жоғары бағасын алған. Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев мерейтой иесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын жеткізді.

Әлібек Шегебай, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: 

- Тұлғаларға арналған, мысалы, Әлихан Бөкейхановқа, Ахмет Байтұрсынұлына және Жұмабек Тәшенов секілді алып тұлғаларымызға және бүгінгі уақытта айналамда жүрген әдебиеттегі, өнердегі жүрген азаматтарға жазылған әртүрлі кезеңдерде жазылған өлеңдер еді. Соның бәрін жинақтап беріп отырмын. Бас-аяғы бұл жердегі ойым – осы елуімде осы дүниелерімді бір жинап, оқырмандарыма ұсынайын.

Темірғали Көпбаев, ақын, журналист:

- Өзінің шырайлы тілімен, қарапайым өлеңдерімен осы қазақтың жасы мен жасамасына дейін ауылдағылар да, қаладағылар да оқитын, оқылымды, мықты, танымал ақындардың бірі. Сондықтан Әлібек 50-ге келді биыл, ердің жасы 50-ге толған кезде елге есеп берейін дегені болу керек.