Жеделсатыдағы шабуыл: жасөспірімнің анасы пікір білдірді
Жеделсатыда 5 жасар балаға шабуыл жасаған 14 жастағы жасөспірімнің анасы алғаш рет пікір білдірді. Ал зардап шеккен бала ауруханадан үйіне шығарылды.
Қоғамдық резонанс тудырған бұл оқиға 2 апта бұрын елордада болған еді. Депутаттар да алаңдаушылық білдіріп, психиатриялық қызметке реформа жүргізу керегін алға тартқан.
Жеткіншектің анасы қайғылы оқиға болған күні баласымен серуендеуді жоспарлағанын айтады. Асүйде жүргенде ұлы білдіртпей сыртқа шығып кеткен. Сөйтіп қаланың екінші шетіне қоғамдық көлікпен жеткен. Кейін дүкеннен пышақ ұрлап, жеделсатыда кішкентай қызға шабуыл жасамақ болыпты. Бұл ойынан бас тартқанымен, көп ұзамай 5 жастағы баланы пышақтаған.
14 жастағы жасөспірімнің анасы:
- Зардап шеккен Батырдың отбасынан кешірім сұраймын. 9 жыл бұрын ұлыма шизофрения диагнозы қойылды. Соңғы жылдары оның өзін ұстауы нашарлап, агрессиясы күшейе түсті. Былтыр елордадағы емдеу мекемесінен қашуға тырысып, үшінші қабаттан секіріп кетті. Содан бері ол айналасындағы қоғам мен адамдарды басқаша қабылдап бастады.
Қорғаушы жеткіншектің алдын ала дайындық жасағанын жоққа шығарды. Себебі сырқатына байланысты баланың құлағыма бірлеулер сыбырлап тапсырма берді дегенін алға тартады.
Клара Нұрқасова, қорғаушы:
- Бұл сау баланың іс-әрекеті емес. Ауру адамың жасағаны. Сондықтан қоғам, халық бұған түсінікпен қарау керек. Жалғыз ғана ананы кінәлау дұрыс емес. Мемлекет жағынан, қалалық психикалық денсаулық орталығы жағынан балаға деген ешқандай қамқорлық жоқ. Біз сенбі күні келген кезде бала аман-есен қалған. Біз кеткеннен кейін соққыға жыққан. Қолында ісік пен басында белгілер бар.
Соттың шешімімен жасөспірімге психиатриялық сараптама тағайындалды. Егер диагнозы расталса, оған тергеу амалдары жүргізілмей, мәжбүрлі емдеу шаралары тағайындалады.
Ресми дерек бойынша елде 200 мыңнан астам қазақстандық психикалық және мінез-құлық бұзылыстары диагнозымен есепте тұр. Оның 44 мыңнан астамы кәмелетке толмағандар. Ал республика бойынша бұл санатқа арналған 7 мың ғана төсек-орын бар.
Алтынай Есқалиева, ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры:
- Алматы, Астана және Шымкент қалаларында 3 психикалық денсаулық сақтау орталығы бар. 85 мекеме алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде қызмет көрсетеді. Жалпы 6 900 төсек желісі болса, оның 613-і кәмелетке толмағандар үшін. Дегенмен төсек-орын тапшылығы жоқ деуге болды. Мұнда емдеу түрі күрделі. Алдымен дәрі-дәрмекпен түзету , еріксіз госпитализациялау және амбулаторлық деңгейде одан әрі емді жалғастырып, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қарастырамыз.
Ал 5 жастағы Батыр үйіне шығарылған. Анасының айтуынша, оның бет жарақаты толық жазыла қойған жоқ. Сондықтан физиотерапия әлі жалғасып жатыр.
Диана Қадыр, Бауыржан Ебелеков