Оның үстіне мүгедектігі бар. Осы уақытқа дейін дос-жараны мен жақындарының берген азын-аулақ қаражатқа өмір сүріп келді. Енді бұл іске тілшілердің араласуын өтініп отыр.
Василий Самарский осы жылдың ақпан айында әдеттегідей зейнетақысын алуға барған. Бірақ банк картасы бұғаттаулы болған соң кері қайтуға мәжбүр болған. Міне содан бері жарты жылдан асып кетті. Ақшасына қол жеткізе алмай келеді. Таныстарының бәріне қарыз.
Василий Самарский, зейнеткер:
-Мен банктен себебін сұрадым. Олар білмейміз, картаңыз жарамайды ауыстырайық дейді. Одан кейін қайта бардым. Ол кезде келесі зейнетақыны алатын кез болған. Тағы ала алмадым. Біресе Шымкенттегі, біресе Түркістандағы банкке барасың деді. Әбден мазам кетті. Шынымды айтсам доп сияқты арлы-берлі теуіп мазамды алды.
Бұл жағдайды зейнетақы қоры қызметкерлерінің өздері түсінбей отыр. Василий Самарскийдің есепшотында миллион теңгеге жуық қаржы бар. Алайда оны ала алмайды. Зейнеткер халыққа қызмет көрсету орталығына, салық органына, полицияға, прокуратураға дейін хабарласқан. Ешқайсысы заңбұзушылық анықтай алмаған. Бірақ есепшотын пайдалануға тыйым салынған.
Марат Жапаров, Талғар Ауданы әкімінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі:
-Бүгін полиция басқармасының басшысы Нұржан мырза оперді шақырады. Сосын банкке барғанда Дархан деген басшы «Бұл кісі Шымкентте алаяқтық бойынша арестте тұр» деген бір қағаз шығарып берді. Біз таңғалдық. Оның алдында минст. МВД келгенде киберотделдер бар ғой. Ол жерде тексерді бәрі таза деген, Бүгін сондай қағаз шықты.Негізі кез келген банкте былай екен. Арест тұрса мынадай мынадай судебный искті арестке қойды деп шығады екен информация береді екен. Ал біздің Еуразия банк бермей отыр.
Қаржы құрылымының мамандары бұл жағдай туралы ақпарат беруден бас тартты. Василий Самарскийге банк картасын кім бұғаттағаны жөнінде хат жіберіледі. Содан кейін барып, зейнеткер мән-жайды тағы анықтай түспек. Әзірге оның зейнетақысын қашан алары белгісіз.
Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев. Хабар, Алматы облысынан