Ақтөбеде синтетикалық есірткі тарататын арнаның жолы кесілді. Көлік полицейлері арнайы операция барысында 10 келі психотроптық зат тәркілеп, мыңдаған бір реттік дозаның тұтынушыларға жетуіне жол бермеді. Қаскүнемдер жеке үйді жалға алып, оны өлшеп-орау цехы ретінде пайдаланған. Үйді тінту барысында психотроптық заттар салынған 5 пакет табылды. Заңсыз іспен айналысқандар қамауға алынды. Енді олардың мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы:
- Тергеу барысында ұсталғандар кінәларын мойындап, орман алқабындағы жасырын жерді көрсетті. Ол жерден есірткі салынған тағы 10 пакет тәркіленді. Психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде өткізу фактісі бойынша Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.