Түркістан облысында абайсызда 2 бала мерт болды
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, екі оқиға да 29 сәуір күні болған. Атап айтсақ, Мырзакент ауылында 2012 жылы дүниеге келген бала абайсызда «Достық» арнасына құлап, суға батып кеткен. Баланың мәйітін қайғылы жайтқа куә болғандар судан алып шыққан.
«Екінші оқиға Достық ауылында болды. Үйде үлкендердің қарауынсыз қалған 2 жасар сәби электр розеткамен ойнап, тоқ соққан. Алған жарақатынан сәби оқиға орнында көз жұмды», – деп атап өтеді комитеттен. Осыған байланысты ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті алдағы уақытта мұндай қайғылы жайттар болмауы үшін азаматтарды балаларына қауіпсіздік негіздерін үйретуге және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға, барынша сақтық танытып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрмыстық құрылғылар қосылатын розеткілерді жауып қоюға, балаларды қараусыз тоғанға, өзге су қоймаларына жібермеуге шақырады.