«ҚазАтомӨнеркәсіптің» еншілес кәсіпорны жерді күкірт қышқылымен ластағаны анықталды
Түркістан облысы, Отырар ауданында «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес кәсіпорны жерді күкірт қышқылымен ластап келгендігі анықталды. Бұл жайында облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының тексерісінен кейін белгілі болды. Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін «Заречное» кәсіпорнына 1,8 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ал материалдар полицияға жолданды. Жақын арада оған жерді бүлдіргені үшін тағы 7 млн теңгеден астам сомаға қосымша айыппұл салынуы мүмкін. Еске салсақ, кәсіпорын айналасындағы дау қараша айының басында туындаған еді. Желіде өндіріс ошағы маңайында, су ішіп мертіккен құлынның бейнежазбасы тараған. «Қазатомөнеркәсіп» мұны жоққа шығарғанымен, тексерісті бастауға негіз болды.
Мақсат Ералиев, Түркістан облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары:
-Арызға сәйкес, тексеріс жүргізіліп, бүгінгі таңда аяқталған. Орын алған заңбұзушылықтарды жою жөнінен департамент тарапынан тиісті нұсқау беріледі. Ол нұсқаудың орындалу мерзімі бір ай. Осы бір айдың ішінде бүлдірілген жердің бәрі жойылып,қалпына келтірілуі тиіс. Ал егер келтірілмеген жағдайда ол үшін тағы жауаптылық көзделген.