Түркістан облысы: 5 елді мекенді су басу қаупі сейілді
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалық етуімен комиссия құрамына орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының басшылары кірді.
Комиссия келтірілген залалды бағалау және су басу салдарын жою, инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін шешеді.
Мақтааралға алғашқы гуманитарлық көмек Жамбыл облысынан жетті. Әулиеаталық кәсіпкерлер қызыл судан зардап шеккен түстіктегі ағайынға 10 тонна ұн, 10 тонна күріш, 5 тонна қант, 1 тонна қарақұмық, 2 тонна сұйық май, 2 тонна макарон және 5 тонна гигиеналық заттар жіберген. Бұған қоса бас-аяғы 10 млн теңгеден астам демеушілердің есебінен жиналған көмек қызыл судан зардап шеккен азаматтарға үлестіріледі. Жамбылдықтар көмек мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді.
Нұржан Календияров, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- Оның ішіне Жамбыл облысы кәсіпкерлерінің демеуімен жиналған 30 тонна азық-түлік, 10 мыңнан астам киім-кешек, қажетті тауарлар алып келіп отырмыз. Аз да болса көмек.
Былтыр ғана техногенді апатты бастан өткерген арыстықтар мұндай жағдайды жақсы түсінеді. Жергілікті халық өзері қажетті азық-түлік қорын жасақтап Мақтааралға жеткізді. Сөйтіп аудандар арасында қолдауды бірінші бастады.
Бақтығали Ділдәбеков, Арыс қаласы әкімінің кеңесшісі:
- Біз 13 жүк көлігімен қажетті заттар алып келдік. Ол: азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек, гигиеналық заттар. Сонымен қатар 30 волонтер келді. Қазір Арыста да қосымша ұйымдардан, мекемелерден, жеке азаматтардан азық-түлік жиналып жатыр.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев қиын кезде ешкім көмексіз қалмайтынын, халыққа жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Жауапты сала басшыларына ең алдымен көшірілген халыққа әлеуметтік көмек көрсетуді және өтемақы төлеу үшін шығын көлемін анықтауды тапсырды. Қырылған мал мен қираған үйлердің санын және зақымданған кәсіпкерлік нысандар мен су шайған жолдардың шығынын есептеуді жүктеді. Бүгінге дейін ауданда бес ауылды су басты. 10 ауылдан 31 мыңнан астам адам көшірілді. 631 үй су астына қалды. Апаттан құтқару жұмыстарына 986 адам, 4 қайық, 180 дана техника тартылған. Көшірілген тұрғындардың бәрі арнайы орындарға жайғастырылып, ыстық тамақ, жылы киіммен қамтамасыз етілуде.
Серік Тілеубаев, Жеңіл ауылының тұрғыны:
- Коронавирус. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, оның үстіне ауылды су басып жатыр. Ауылда ешкім қалған жоқ. Мына мектепке әкелді.
Аудандағы 5 елді мекенді су басу қаупі сейілді. Төтенше жағдайлар департаменті, ҚазСУШар және ауыл тұрғындарынан құралған волонтерлер бөгет салу арқылы 5 ауылды аман алып қалды. Оның ішінде 14 мыңнан астам халқы бар Мырзакент те бар.
Сәкен Қалмақанов, облыс әкімінің орынбасары:
- Көрші Жетісай ауданының Қоғалы ауылындағы автомобиль жолының бойында ұзындығы 500 метрден асатын бөгет салынды. Ол жерге 6 мың дана құм толы қап жеткізілді. Қазір нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 649 адам, 15 техника, 30 құтқарушы және 600-ден астам волонтер жұмылдырылды.
Айта кетейік, соңғы деректерге сәйкес эвакуациялық бекеттерге Мырзакент пен Ақжол ауылының тұрғындары өз үйлеріне оралатын болды. Облыстық төтенше жағдайлар штабы аталған елді мекендерде тасқын судан келетін қауіптің жоқтығын анықтаған. Су басу қаупіне байланысты 10 ауылдан көшірілген 31 мың халықтың 17 мыңы Мырзакент пен Ақжол ауылының тұрғындары. Қазір ауданда елді құтқару, көшірілген азаматтарды жайғастыру, жапа шеккен тұрғындарға көмек көрсету жұмыстары басты назарда. Қиналған жұртқа қолдау білдіріп, қол ұшын созамын деген қайырымды жандар үшін облыс әкімдігі жанындағы «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры жұмыс істейді. Қажетті қаржыны қордың есепшотына аударуға да болады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш