Көлікті мас күйінде жүргізген Форт-Шевченко қаласының әкіміне сот үкімі шықты
Шенеунікті 15 тәулікке қамауға алу туралы сот үкімі шықты. Әкім 4 қаңтар күні сағат 11-лер шамасында «Ақтау - Форт-Шевченко» тас жолында Toyota Camry көлігімен келе жатқанда полицейлер тоқтатқан. Шалқыбай Әзірбаевқа медициналық сараптама жасалып, алкогольдік масаң күйі жеңіл дәрежеде деген қорытынды шыққан. Осы оқиға бойынша түсірілген видео әлеуметтік желіде де талқыға түсті. Көпшілік әкімнің ерсі қылығын сынап тастады. Сот отырысында ол өз кінәсін мойындамаған. Тек сырқаттануына байланысты мойынын спиртпен сылағанын айтқан.
Едіге Бегенов, Түпқараған аудандық сотының төрағасы:
- Түпқараған аудандық сотында Форт-Шевченко қаласының әкімі Әзірбаев Шалқыбайға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен көзделген әкімшілік іс қаралды. Дәрігер оның масаң күйін алкотест құралын пайдаланып анықтаған. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1- бөлігімен кінәлі деп танылып, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазасы қолданылды.