Қызылорда облысында жол апатынан 4 адам қайтыс болды
Тағы бір жолаушы аурханада жатыр. Самара-Шымкент автомобиль жолымен жүйткіген екі жеңіл көлік Шаған және Ілиясов ауылдары маңында соқтығысқан. Полиция халықаралық магистраль бойында темір тұлпарлардың түйісу себебін анықтау үшін сараптама жүргізіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары басталды. Жалпы жыл басынан бері аталған тас жолда 8 жол-көлік оқиғасы болған.
Ал Қарағанды облысындағы Ғабиден Мұстафин кенті мен Теміртау қаласын жалғайтын көпір апатты жағдайда тұр. Ол 7 жыл бұрын су тасқыны кезінде сыр берген. Өзен деңгейі көтерілген кезде жұрт жанын шүберекке түйіп өтеді. Биыл да Нұраның арнасы қалыпты жағдайдан 1,5 есеге асып тұр. Халық кеншілер шаһарына жету үшін мұз қатқан өзеннің үстімен көлікпен қатынайды. Айналма жол алыс болған соң, осылай жүруге мәжбүр. Биыл мұнда автокөлікке арналған үлкен көпірдің құрылысы басталды. Ол үшін қазынадан 1 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінген. 2024 жылы қолданысқа беріледі.
Екібастұздағы білім беру мекемелері онлайн форматқа көшті. Ақпанның 20-нан 24-не дейін мектептер мен колледж оқушылары қашықтан оқиды. Ал балабақшаларда кезекші топтар құрылған. Себебі кеншілер шаһарындағы жылу мәселесі әлі толығымен шешілер емес. Тозығы жеткен қазандықтар күнара істен шығып, қала халқын әбден әбігерге салды. «Екібастұзжылуэнерго» басшылығының мәліметіне сәйкес, қазір жылу жүйелері жұмыс істеп тұр. Бірақ қысымның төмендігінен әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер қалыпты режимге қол жеткізе алмай отыр.
Ал Шымкентте биыл 26 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Оның тең жартысы инвесторлар есебінен салынса, қалғаны «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге аспақ. Осылайша шаһардағы үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешіледі. Балалар жекеменшік мектептерде жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша тегін оқиды.