Хабар телеарнасы

Түркістанда суға кеткен екі адамның денесі іздестіріліп жатыр

Түркістан облысының Отырар ауданында суға кеткен екі адамның денесін іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Кеше кешкісін 8 адамның мәйіті табылған болатын. Түс кезінде құтқарушылар тағы бір адамның денесін судан алып шықты. Оқиға қалай болған? Іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр? 

Жандос Жұмабек, тілші: 
- 11 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиға кеше кешкісін дәл осы жерде болған. Бір әулеттен тараған 4 отбасының мүшелері осында келіп, демалып, шомылмақ болған. Алайда шомылу барысында 5 ересек адам мен 6 жасөспірім суға батып кеткен. Негізі бұл жерге шомылуға тыйым салынған. Мамандар: «Өзеннің ағысы баяу болғанымен, табаны терең»,- дейді. Дәл осы жердің тереңдігі 4-5 метр болатынын айтады.
Суға кеткендердің барлығы Ызакөл елді мекенінің тұрғындары. Ай мен күннің аманында 11 адам бірден суға қалай кетті? Біз осы сұрақтың жауабын оқиға куәгерлерінен алдық. Олардың айтуынша, қайғылы жағдайдың орын алуына кішкентай баланың суға батып кетуі себеп болған.

Әділхан Аманов, куәгер: 
- Біз арғы бетте жүрген кезде ол кісілер шомылып жатыр екен. Сонымен бір әйел адамның даусы шықты. Айқайлады. Соны естіп, келдік жүгіріп. Кішкентай бала ағып кеткен ғой, соған мамасы түскен. Артынан құтқарамын деп бәрі түскен. Сонымен ол арада бүйтіп қараған жоқпыз, көрінгеннің бәрін шығардық, құтқарып жағаға.

Оқиға куәгерлері одан соң бірден құтқарушылар мен жедел жәрдемге хабар берген. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар да іздеу барысында бірнеше адамның денесін судан алып шыққан.

Мұхит Ибрагимов, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының бөлім бастығы: 
- Біреуін алып шықтық кеше.
– Өзіңіз бе?
–Иә!
–Қыз ба, ұл ма?
– Ұл! Шамасы 17-18 жасар. Қатты ағыс жерінде судың асында томарлар бар. Соған кіріп, кептеліп қалған. Сол жерден алып шықтық. Әлі де іздестіріп, жалғастырып жатырмыз. Табамыз деген ниеттеміз.

Алайда құтқарушылар ағыстың тереңдігі мен судың ылай болуы іздеу жұмыстарына кедергі келтіріп жатқанын айтады. Оның үстіне өзеннің жағасы қалың ағаш.

Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД бастығы: 
- Қазір таңда 11 сүңгуір ағаштардың астын іздеп жатыр. Кешегі күннен бері 7 шақырымнан астам жерді жаяу жүргіншілер жағалауды зерделеу жұмысын жүргізді. Сүңгірулер су астында 1 мыңнан астам шаршы метрді сүріп шықты.

Сырдария өзенінің жағасында адам қарасы көп. Іздеу жұмыстарына құтқарушылар мен полиция қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті ауыл тұрғындарынан 150 жуық адам тартылған.

Сәкен Сұлтанханов, Отырар ауданының әкімі: 
- Әрине, ауыр жағдай. Өзіміздің тарабымыздан көмегімізді беріп жатырмыз. Береміз. Жерлеу рәсімдері бойынша барлық жағынан көмек беріп жатырмыз. Қазір облыс әкімінің тікелей назырында осыны бақылауда ұстап отырмыз.

Қазір оқиға орнында екі адамның денесін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оған құтқарушылардан бөлек 18 техника, 11 сүңгуір және 2 дрон жұмылдырылған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш