Теміржол бойынан студенттің денесі табылды
Мемлекет басшысы Ішкі істер министріне Ақмола облысының Щучье қаласында болған студенттің өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды. Марқұмның анасы ұлына физикалық және психологиялық қысым жасалғанын айтты. Сөзінше, қаладағы ұйымдасқан топ Роман Бодаговтан ақша бопсалаған. 6 қазанға қараған түні Бурабай курорты мен Жамантұз арасындағы учаскеде теміржол бойынан Жоғары техникалық колледждің 4-курс студентінің денесі табылды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шықты.
Мұхтар Қожаев ,ҚР ІІМ тергеу департаменті бастығының міндетін атқарушы:
-Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, сондай-ақ қаза тапқан адамның туыстарының одан ақша бопсаланды деген арызымен ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық істер қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Алдын ала тергеу нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.