Елімізде екі бала қызылшадан көз жұмды
Ол Астана және Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Айжан Есмағамбетова мәлімдеді. Оның сөзінше екеуі де бір жасқа дейінгі, яғни вакцинация жасына жетпеген балалар. Шетінегендердің бірі шала туылған әр түрлі ауруға шалдыққан. Оған қызылша қосылғандықтан аман алып қалу мүмкін болмапты. Қазір Қазақстанда қызылша жұқтырғандардың саны 26 мыңнан асқан. Біріккен Ұлттар Ұйымы ЮНИСЕФ балалар қорының есебінше Қазақстан қызылшаның таралуы бойынша әлемде бірінші орынға шықты.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
-Кез келген жұқпалы аурудың өзінің айналым кезеңі бар. Қызылша үшін ол шамамен 5-7 жылды құрайды. Бізде жаппай таралу дерегі соңғы рет 2019 жылы тіркелді. Қазір ауырғандардың 60% 5 жасқа дейінгі балалар. Сондықтан дәл осы жас категориясы қосымша иммунизацияны қажет етеді. Бүгінде вакцина алуы тиіс 1,5 млн адамның 608 мыңына екпе жасалды.