Ақтаулық экологтар аққулар қырылып жатқан көлді тексеруге кірісті
Ақтаулық экологтар әлеуеметтік желіде тараған бейнежазбаны көріп, жедел тексеруге кірісті. Онда өңірдегі ірі қонақүй құбырынан лай судың Қаракөлге ағып жатқанын көруге болады.
Екі аптада көлден 639 аққудың өлексесі табылғаны белгілі. Осы жағдайға байланысты мамандар судан сынама алды. Егер оның құрамындағы ластауыш заттардың қалыпты мөлшерден тыс екені анықталса, отель басшылығы жазасыз қалмайды.
Еске салсақ, 2 жыл бұрын дәл осы қонақүй басшылығына экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 76 млн теңге айыппұл салынған.
Мағжан Ғалымов, облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Зертханалық талдау жасалады. Егер судағы зиянды заттардың мөлшері шамадан тыс екені анықталса, тексеріс басталады. Алдымен көлге төгілген су көлемін біліп алу керек. Сол деректерге сай әкімшілік іс қозғалып, айыппұл көлемі бекітіледі.