СҚО Қызылжар және Есіл аудандарында төтенше жағдай жарияланды
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар және Есіл ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Таңертең Покровка ауылында 20-дан аса үйді су басып, тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқарушылар халықтың мал-мүліктерін де дер кезінде шығарып үлгерді. Қазір онда полиция қызметкерлері кезекшілік етіп жатыр.
Елді мекенде көпір астында мұз кептеліп, Есіл өзеніндегі су деңгейі көтеріліп кетті. Ернеуінен шыққан тасқын су көшелерге жайылды. Оқиға орнында Премьер - министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен облыс әкімі Ғәуез Нұрмұхамбетов болып, тұрғындармен кездесті.
Сонымен қатар Петропавл маңындағы Заречный кентінің тұрғындарын шұғыл түрде көшіру туралы шешім қабылданды. Әзірге Сергеев су қоймасының деңгейі түспей тұр.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Президент: «Ешкім назардан тыс қалмайды», - деді. Сондықтан зардап шеккен әр адамға көмек көрсетіледі. Шығын көлемі есептеліп, өтемақы төленеді.