Хабар телеарнасы

Қызылордада бір күнде үш бала терезеден құлап кетті. Өңір жаңалықтары

Қызылордада бір күнде үш бала көпқабатты үйдің терезесінен құлады. Үлкендердің қарауынсыз қалған 6 және 7 жастағы бүлдіршіндер үшінші қабаттан құлаған. Ал 3 жасар балғын бірінші қабат терезесінен төменге түсіп кеткен.

Балалардың бірі ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жатқызылып, дереу операция жасалды. Қалған екеуі травматологиялық бөлімшеде ем қабылдап жатыр. Жыл басынан бері облыс бойынша осындай 7 жазатайым жағдай тіркелген. Осы ретте өңірде «Абайлаңыз, балалар» профилактикалық шарасы басталды.

Биыл Маңғыстауда мектеп-колледж бітіретін түлектерге 2 мың білім гранты бөлінді. Бұл туралы Ақтауда өтіп жатқан дәстүрлі көрмеде айтылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері мектеп түлектерімен кездесіп, оларға еліміздің жоғары оқу орындары жайлы жан-жақты ақпарат берді. ҰБТ-дан жоғары ұпай жинаған оқушы 43 университеттің біріне өзі қалаған мамандыққа түсе алады. 

«Бекіре – 2024» акциясы кезінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары мен құзырлы органдар 626 заңбұзушылықты анықтады. 435 адам жауапқа тартылып, браконьерлік бойынша 55 қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз балық аулағандарға 13 млн теңгеге жуық айыппұл салынып, 10 тоннаға жуық балық тәркіленді. Акция 31 мамырға дейін жалғасады.

Қарағанды облысында егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл 1 млн гектардан астам алқапқа дәнді-дақылдар мен көкөніс салынады. Өткен жылғымен салыстырғанда егістік алқабы 36 мың гектарға ұлғайған.

Соңғы жылдардағы қуаңшылыққа байланысты тамшылатып суғару технологиясы кеңінен қолданыла бастаған. Әрі биыл топырақта ылғал жақсы. Шаруалар мол өнім алудан дәмелі.