Хабар телеарнасы

Ақтауда коммуналдық кәсіпорын ₸34 млн-нан астам қаржыны заңсыз жинаған

Ақтауда коммуналдық кәсіпорын халықтың 34 млн теңгеден астам қаржысын заңсыз жинаған. Тексеріс кезінде қалаға жылу берілмеген күндерге де коммуналдық төлемдердің есептелгені анықталды.

Қадағалаушы орган өкілдері «Каспий жылу, су арнасы» мекемесін халық ақшасын кері қайтаруға міндеттеді. Прокурорлық қадағалау актісімен 11 мың абоненттің дербес шоты бойынша қайта есептеулер жүргізілді. Заңбұзушылыққа барған жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ғани Боранбаев, облыс прокуратурасының басқарма прокуроры:
- Былтыр қалаға бірнеше рет жылу мен судың берілмей қалғанын тұрғындар жақсы біледі. Алайда соған қарамастан төлемдер есептелген. Талдау нәтижесінде тұтынушыларға коммуналдық қызметтің нақты қай күндері, тіптен қай уақыт аралығында көрсетілмегенін анықтадық. Бұл бағыттағы жұмыс облыс көлемінде жалғасады.