Хабар телеарнасы

Елімізде төрт есірткі зертханасы жойылды

Қызылорда облысында елімізге сыртан есірткі тасымалдаумен айналысқан трансұлттық топ мүшелері сотталды. Күдіктілер былтыр күзде ұсталған болатын. Біреуі – Қазақстан, екеуі – шетел азаматы. Олардан тінту барысында 1 кг-нан астам героин, 2 кг апиын, сондай-ақ 4 атыс қаруы мен оқ-дәрі тәркіленген. Сондай-ақ еліміздің тәртіп сақшылары жақында ғана төрт өңірде синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті. Алдымен Өскемен қаласында жиһаз бизнесінің атын жамылып, психотроптық заттар өндірісін жолға қойған жергілікті тұрғын ұсталған. Тергеу барысында оның Қостанай, Петропавл қалалары және Алматы облысындағы осыған ұқсас зертханалармен байланысы бар екені анықталған. Тінту кезінде сатылымға дайын тұрған, 6 кг-нан астам есірткі тәркіленген.