Алматыдағы автобус апаты: жүргізуші ұсталды
Алматыда Мақатаев пен Масанчи көшелерінің қиылысында автобус апатына себепкер болуы мүмкін деген жүргізуші ұсталды. 28 жастағы әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қайғылы оқиғадан бір жолаушы көз жұмды. Ал зардап шеккен 4 адам ауруханада жатыр. Қалған 20 жолаушы алғашқы медициналық көмектен кейін амбулаторлық ем алуға жіберілген.
Еске салсақ, Мақатаев көшесімен шығысқа қарай бағыт алған нөмірі 18-ші қоғамдық автобусқа Кia маркалы жеңіл көлігі соқтығысқан.
Ләйла Иманғалиева, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының бөлім басшысы:
- Медициналық көмекке 24 адам жүгінді. Оның ішінде тексеруден кейін 4 ересек адам ауруханаға жатқызылды. Қазіргі таңда олардың жағдайлары орташа ауырлықта. Әртүрлі аяқ-қолдары сынған жарақаттармен қазіргі таңда ем-дом алып жатыр. Қалған науқастар тексеріс өткеннен кейін амбулаторлық емге, үйге емге жіберілді.