Жыл басынан бері 1300 адам жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан
Жол бойындағы жағдай алаңдатарлық күйге түсті. Биылғы жеті айда елімізде 13 мыңға жуық көлік апаты тіркелген. Бұл өткен сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86%-ке жоғары. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында тоқталып өтіп, бірқатар міндет жүктеді. Соған сәйкес, енді автокөліктердің техникалық жағдайын бақылау, қауіпсіз жол инфрақұрылымын құруға баса көңіл бөлінеді. Себебі жол-көлік оқиғаларының саны азаяр емес.
Аягөз Бәйішева ұлының апатқа ұшырағанын жедел жәрдем дәрігерлерінен естіген. Жасөспірімді жаяу жүргінші жолағында жол талғамайтын көлік мінген 19 жастағы бозбала қағып кеткен. Дәрігерлер хал үстінде жеткізілген баланың өмірін сақтап қалғанымен, бір аяғын аман алып қала алмапты.
Аягөз Бәйішева, қала тұрғыны:
- Ұлым бір ай бойы ауыр халде жатты. Бірнеше рет операция жасалды. Аяғын кесіп тастады, бір бүйрегін, талағын алып тастады. 32 күн жансақтау бөлімінде жатып, жалпы палатаға шықты. Тамыз айында екінші топтағы мүгедек ретінде тіркелді. Қазір протез алуға құжат рәсімдеп жүрміз.
Ал Қарағандыда болған жантүршігерлік жол апатынан үш адам зардап шеккен. Барлығы алты көліктің соқтығысуынан ауруханаға жеткізілген. Алдын ала болжам бойынша оқиғаға «Лексус» автокөлігін басқарған жүргізушінің жылдамдықты шектен тыс асырып, жол ережесін өрескел бұзуы себеп болған. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Бауыржан Мұхамеджанов, Қарағанды қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары:
- 6 автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан бір адам қаза тауып, үш адам ауруханаға жатқызылды. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, әртүрлі сараптамалар тағайындалуда.
Биыл 7 айда ел бойынша 13 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 86,6%-ке жоғары. Ал өңірлер арасында оңтүстік астана мен Алматы, Жамбыл облыстары және Шымкент пен Астана қаласында көлік апаттары жиі болады екен. Салдарынан зардап шеккендердің саны да артып отыр. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында да тоқталған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе.
Жол бойындағы жағдай туралы Үкімет отырысында да айтылды. Көлік министрлігіне зияткерлік жүйелерді енгізе отырып, қауіпсіз жол инфрақұрылымын құруды және автокөлікті техникалық байқаудан өткізу сапасын тиімді бақылаудың тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Тайыр Мерекенов, Болатбек Молдағалиев